Ағаштар әулеті

Ағаштар әулеті

Он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратқан Алланың құдіретінде шек жоқ. Бұл – әлімсақтан келе жатқан ақиқат. Жаратушы әуелі табиғатты жаратты, сосын адамдарды. Адамдар өзінің ырзық-несібесін сол табиғаттан тапсын деді. Біздің табиғатқа құрметпен қарауымыз да сондықтан шығар. Сөздік қорымыздағы «Табиғат-ана», «Жер-ана» дейтін ұғымдар да бұған дәлел.

Өмір сүру тәжірибесінің өзі табиғаттан келген. Мұны осыдан мың жыл бұрын Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтып кеткен. Табиғат пен адам арасындағы тығыз байланыс көзге көрінуі де, көрінбеуі де мүмкін. Осы табиғаттың кішкене бір бөлшегі – ағаштарды алып қарайық. Адамдармен ғажап ұқсастықты байқаймыз. Өсіп-өнеді. Жапырақ жайып, жайқалады. Тамыр тартып, тереңге бойлайды. Көбейе келе тоғай-орманға, тіпті ну орманға айналады екен. Ал қызметін айтар болсақ, суықтан қорғар панасы, ыстықтан қорғар көлеңкесі, түрлі жемісі, отын ретіндегі қызуы, тағы басқа толып жатыр. Бір ғажабы, ағаш та өмірінің соңында қурап-қартайып, тікесінен тұрып өледі екен. Бәлкім, тектілігі шығар… Тағы бір ұқсастық – қазақ төр шежіресін ағаш көрінісінде жасаған. Тармақтармен таратып, бұтақтар бейнесінде бедерлеген. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Ағаш ек, ұрпақ өсір» деген қанатты сөздердің астарында терең пайым жатыр. Әрине, атадан мал қалғаны да жақсы ғой ұрпағына. Бірақ, «тал қалсын» деуі – жалқауланбай, еңбек етсін, малдың өзін маңдай термен тапсын дегені болса керек. Адамдар көктем сайын ағаш отырғызуға, тал егуге неге құмар? Бір жағынан, жасыл ағаштан көбірек оттегі, озон бөлінеді. Екінші жағынан, жасыл әлем – сұлулық символы. Бір қызығы, әу баста Адам ата мен Хауа ана жаралғанда жатыр. Хауа анамыз жұмақта жүріп, бір ғажайып ағашқа қызығып, жемісін жеген екен. Рұқсат етілмеген ағаштың жемісін жегені үшін Хауаны, оған сол жемісті алып бергені үшін Адамды да Алла Тағала жұмақтан қуып, Жерге еңбек етуге жіберген екен, — дейді бір аңызда. Ағаш туралы бір сиқыр, адам мен ағаш арасындағы байланысты көрсететін бір ой жатыр аңыз астарында.

Мына фотосуреттегі ағаштарды қараңызшы. Ағаш пен адам арасындағы ұқсастықты бірден аңғарасыз. Ата ағаш, бала ағаш, немере және шөбере ағаш. Бір тамырдан тараған дәстүр жалғастығы, ұрпақтар сабақтастығы байқалады. Менің ойымша, барлық ағаш атаулының арман-мақсаты – өсіп-өніп, орманға айналу.

Ендеше, Қазақ халқы, Алаш елі – ойланайық, қалың орманға айналайық! Бірлігіміз жарасып, ұлт ұпайын түгелдеуге кірісейік!

Әлімжан ЖАҚАН, журналистика кафедрасының аға оқытушысы