Атыңнан айналайын, Қарқаралы!

Атыңнан айналайын, Қарқаралы!

Мамыр айының 20 күні ҚарУ басшылығының қолдауымен «Танымдық керуені» жобасы аясында жоғары оқу орнының белсенділері экскурсиялық сапармен қасиетті Қарқаралы шаһарына барып қайтты. Экскурсияға оқу жылы барысында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан студенттер жіберілді.

Қасиетті қарашаңырақтан барған қонақтарды Қарқаралы қаласының әсем табиғаты мен жанға қуат берер саф ауасы құшақ жая қарсы алды. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тіршілік ететін жан-жануарлардың тіршілігімен таныстық. Шаһар кіреберісінде орнатылған «Еліктер» ескерткіші ерекше көз тартса, орталықта бой көтерген ұлтымыздың ұлы тұлғалары — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков ескерткіші адамға ерекше рух береді. Екі ғасырға жуық тарихы бар «Құнанбай қажы» мешіті өзінің өзгеше құрылысымен жастарды тәнті етті. Қасиетті орында дұға жасадық. Құнанбай қажы мен хәкім Абайдың мүсінін тамашаладық. Сонымен қатар, белгілі Алаш Орда өкілі Жақып Ақбаевтың қайын атасы Халиолла Бекметовтың шаңырағына (қазіргі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі) барып тізе бүктік. Үйдің тарихымен танысып, кезінде ол үйде Құнанбай қажы мен хәкім Абай да ат суытқанын естіп, білдік. Өлеңсүйер ұл мен қыз тарихы тереңге тамыр жайған ғимарат алдында алаштың айбарлы ақыны Серік Ақсұңқарұлының «Бекзада» өлеңін кезектесе оқыды. Ол өлеңнің де мазмұны дәл сол ғимаратпен сабақтас еді. Одан әрі Қарқаралы қаласының Жастар ресурстық орталығы, Жас туристер станциясы, Мәди Бәпиұлы ескерткіші, Жақып Ақбаевтың үйі (қазіргі Сарыарқа кафесі), Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Үш үңгір» кешені, орталық музей сынды тарихи маңызы бар ғимараттар мен нысандар таныстырылды. Ұзақ жолда жастардың көңілді әнін тыңдап, естелік суреттерге түстік.

Қасиетті Қарқаралының көз тартар әсем табиғатына тамсанып, тарих бұлағынан су ішіп, шөлімізді қандырдық. Университет басшылығы мен Қарқаралы қаласының қонақжайлылығына мың да бір алғыс!

Бекзат ЖҰМАН, Студенттер үйі