Ұлы тұлғаның мәңгілік мекені

Ұлы тұлғаның мәңгілік мекені

Халқымыздың біртуар ұлы, ғұлама ғалым, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің зиратына барып, құран бағыштап, зиярат жасап қайттық. Қарағанды қаласының Михайловка елді мекеніндегі зиратқа барғанда көңіл шіркіннің біртүрлі қобалжығаны рас. Шарбақпен қоршалған қорымның ішінен академиктің мәңгілік мекен тапқан орнын іздеп жүріп, еліміздің өркендеуіне қызмет жасаған травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген дәрігері Хафиз Мақажанов, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының іргетасының берік нығаюына еңбек сіңірген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Нәрешов сынды тұлғаларымыздың ескерткіштерін көріп тағзым жасадық.

Еліміздегі екінші университеттің тұңғыш ректоры, көрнекті ұйымдастырушы академик Евней Бөкетов 1972-1980 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде басшылық қызметте болды. Евней Бөкетовке тәңірі ғажап дарын мен ерекше талантты және ұйымдастырушылық қабілетті аямай берген. Ғалымның ашқан ғылыми жаңалықтары өндіріске енгізіліп, 1950-1980 жылдары қарқынды жұмыс жасап жатқан тау-кен өнеркәсіп орындарында кеңінен пайдаланылды. Химия мен әдебиетті қатар ұштастырған сирек қабілет иесі, ұлы тұлға Евней Бөкетовтің есімі заманында Қазақстан мен КСРО-дан асып жер-жаһанға мәлім болды. Бірақ, 1980-ші жылға қарай осындай ерекше дарын иесі, интеллектуал тұлғаға қарсы жоғары басшылық тарапынан қудалау ұйымдастырылып, ақырында академик ғалым өмірден мезгілсіз кетті. Өзінің қысқа ғұмырында Евней Бөкетов Орталық Қазақстанда іргелі ғылыми мектептің іргетасын берік қалап кетті. Бөкетовтің мектебінен шыққан шәкірттері бүгінде Қазақстанның өркендеуі мен дамуына зор үлес қосып келеді.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары