Ұлы тұлғаның мәңгілік мекені

Ұлы тұлғаның мәңгілік мекені

Ұстаздар күні қарсаңында университетіміздің профессорлық-оқытушылар қауымы Қарағанды қаласының Михайловка елді мекеніндегі зиратта жатқан ұлы тұлға академик Е. А. Бөкетовтің басына барып тағзым етіп, рухына құран бағыштады. Академиктің мәңгілік мекен тапқан орнына гүл шоқтарын қойып, қабір айналасын, барар жолын тазалап, сауапты іс атқарды.

Ардагер ұстаздар қысқа ғұмырында өлмес, өшпес мұра қалдырған ғалымның жатқан жеріне келешекте оқытушылар мен студенттер жиі келіп, тағзым етіп тұруы үшін зиратқа барар жолды тазалап тұру, қоршауларды қалпына келтіру қажеттігін құлаққағыс етіп, осы мәселе облыс, қала басшылығы арқылы оң шешімін тапса, жақсы болар еді деп өз ұсыныс-тілектерін айтты. Университет ректоры Н. О. Дулатбеков: «Өткенді ұмытпай, ұлыларымызды ұлықтап отырудың өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбиелік мәні аса зор. Осы қорымның ішінде еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қаншама тұлғаларымыз жатыр. Қорымды қараусыз қалдырмай, жан-жағын жиыстырып, оны қоршау бойынша қала басшылығына ұсыныс айтып, мұрындық болсақ, ізгілікті, сауабы мол іс атқарамыз», — деп ардагерлердің ұсыныстарына қатысты өз ойын білдірді.

Ұлы тұлғаға тағзым, ғылыми еңбегін, жазбаларын ұрпаққа насихаттау – ұлағатты іс. Алдағы уақытта Евней Арыстанұлы негізін қалаған жоғары оқу орнында ғұлама ғалымды ұлықтауға байланысты бірқатар шара қолға алынбақ.

Баспасөз қызметі