Ғылым мұхитындағы Айсберг-аға!

Ғылым мұхитындағы Айсберг-аға!

Ұлан-байтақ қазақ елі талантты тұлғаларға кенде емес. Көне заманнан күні бүгінге дейін ғасырлар легінде талай-талай дарабоздар өткені тарихымыздан белгілі. Арғы дәуірлерді айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдың өзі ұлтымызға көптеген ұлы адамдарды сыйға тартыпты. Солардың бірі — биылғы жылы 95 жылдық мерейтойы келіп жеткен Ебіней Арыстанұлы Бөкетов. Ғұлама ғалым, ойшыл, ірі дарын иесі Ебекең Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенімен, бүкіл саналы ғұмыры Алматы және Қарағанды қалаларында өтіпті. Қарағанды ғылымы мен өндірісін биікке көтерген абзал жанның өнегелі өмірі, ғибратты жолы, үлгілі үлкен ғылыми мектебі осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та келді. Әлі де талай әңгіменің өзегіне айналары сөзсіз. Бүгінгі біздің ортаға салар ой — сол асыл ағаның өмірінен бір үзік сыр еді. Осы орайда Қарағанды қаласындағы Ж. Н. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының ақпараттық-энтропиялық талдау зертханасының бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты Қанат Сансызбайұлы Ыбышев ағамызға жолығып, сұхбаттасқан едік.

Аға, сізді Ебіней Арыстанұлының туысқаны әрі шәкірті дейді. Осы ретте алты Алашқа аты мәлім, әйгілі ғалымның бұрын айтылмаған кейбір сәттеріне тоқталып өтсеңіз?

— Мен Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданында 1952 жылдың 11 тамызында дүниеге келіппін. Ол кезде ауданның орталығы — Марьевка деп аталатын. Сол Марьевкада мектеп табалдырығын аттап, оны он жыл оқып, ойдағыдай аяқтадық. Ебіней ағамызбен туыстық байланысымыз: жиенінен туған жиеншарымын. Ол кісі Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданынан, бізге нағашы болып келеді. Бала кезімізде біздің үйге жиі келіп тұратын. Алып денелі, шырайлы кісі болатын. Мені жақсы көріп, еркелетіп «батырым» деп атаушы еді. 11-12 жастағы кезімде бір айтқан сөзі әлі есімде қалыпты. Бір күні үйге келіп: «Әй, батыр, осы уақытқа дейін неше кітап оқыдың? Көркем әдебиеттен не білесің?» — деп мені ұстай алды. Аяқ астынан не дерімді білмей: «Аға, онша көп оқығаным жоқ. Аздаған, шағындау шығармалар болмаса…» деп тұтығып қалдым. Сонда ол кісі басымнан сипап тұрып: «Жарайды, ендеше, қазір мен саған әлемдік әдебиеттегі классикалық шығармалардың тізімін беремін. Кітапханаға барасың да, осы шығармаларды түгел оқып шығасың. Келістік пе?!» деп қолымды қысты. Сонан кейін Шекспир, Бальзак, Данте, Золя, Мопассан, Драйзер, Хемингуэй, Маркес, Марк Твен, ДжекЛондон, Пушкин, Лермонтов, Чехов, Достоевский, Толстой, Абай, Мұхтар Әуезов секілді дүниежүзілік деңгейдегі ірі классиктердің туындыларынан тұратын 40 шақты кітаптың тізімін жазып берді. Мүшелге енді-енді толатын менің жасыма да қараған жоқ. Әйтеуір, жас болсам да, оқуға міндетті болып қалдым.

Жалпы менің бала күнімнен әдебиетке онша құлқым жоқ еді. Бірақ үлкен ағамыздың айтқанын жерге тастамай, ертеңіне аудан орталығындағы кітапханаға келдім. Қолымдағы қағазды жасы келген кітапханашы орыс әйеліне ұсынғанымда, ол кісі қуанып кетіп: «О, о, мынау Евней Арыстанұлының жазуы ғой. Мен ол адамды жақсы білемін. Біздің кітапханаға жиі келіп, кітаптар алып тұратын. Тұрақты оқырманымыз болатын. Өте білімді, сауатты жан. Сен де сондай бол!» деп қалбалақтап тізімдегі кітаптарды қарай бастады. Мен болсам, ағайдың аманатын орындап, сол жолы бес кітапты, онан кейін бірте-бірте әлгі тізімдегі классикалық шығармалардың бәрін де оқып шықтым. Балалық шақтағы есте қалған ерекше белгі осы болатын.

Ебіней ағаңыздың жолын қуып, химия мамандығын таңдапсыз. Бұған да ол кісінің әсері болды ма?

Ел қатарлы мектепті бітірген соң мамандық таңдау машақаты басталды. Көңілім әр салаға бұрылып, әрі-сәрі жүргенімде бір күні нағашым: «Алматыдағы политехникалық институтының құрылыс факультетіне бар. Ол жерде құрылысқа қажетті күшті мамандар дайындайды», — деп ақыл-кеңесін берді. Мен мақұлдап, бірден соған тарттым. Жолым болып, емтихандарды жақсы тапсырып, оқуға қабылдандым. Ол кезде жоғары оқу орнына үздік қабылданғандарды Ресей қалаларындағы ірі оқу орындарында оқытатын жақсы дәстүр бар еді. Мені де Омбы қаласына оқуға жіберді. Ол жақта студенттік қызықты өмірді бастан кешіріп, екі жыл оқыдым. Әрі қарай өзім тіленіп әскерге кеттім. Армиядан қайтар жылы Ебекеңнің інісі Қамзабай ағамыздан хат алдым. Хатында: «Бауырым, Қарағандыда үлкен жаңалық. Бірнеше мамандықты қамтитын университет ашылды. Ебіней ағаң соны басқарады. Дайындық бөлімдері және бар. Сен келген бетте экономика немесе заң факультетінің дайындық бөліміне түс», — деп ағалық қуанышын әрі өтінішін жазған екен. Мен әскерден келген соң, Ебекеңе сәлем бере барғанымда, ол кісі: «Әй, батыр, Отанды қорғап келдің, енді оқуыңды жалғастыр. Егер құрылыс саған ұнамаса, осында жаңа оқу орны ашылды. Заң және экономика салалары бойынша, бұған қоса, химия факультеті де бар. Бұл саланы қиынсынып, қазақ балалары бармай жатыр. Сен соның мұнай мамандығына барсаң қайтеді. Егер келіссең, бүгіннен бастап химия пәніне дайындал», — деді. Ғалым ағаның келешекте дүниенің бәрі химия ғылымына тәуелді болатынын сол кезеңде-ақ болжап білген көрегендігіне әлі таңғаламын. Ағамыздың айтқанына көніп, сол салаға бардым да, оқуға түсіп кеттім. Оқып жүрген уақытта «туысым, жақыным» деп, ешқашан да іш тартқан жоқ. Мен де ағайдың адамгершілік, адамдық қасиетін сыйлап, атақ-абыройын құрметтеп, өз бетімше тырысып оқыдым. Химия факультетін жақсы бітірген мені Солтүстік Қазақстанға жолдамамен жіберді. Бірақ үйреніп қалған Қарағандымды қимай, ол жақтан рұқсат алып, осында қайтып келдім. Ондағы ойым: студент кезімдегі ізденген, бастаған ғылыми жұмыстарымды әрі қарай тереңдетсем деп едім. Осы мақсатпен Ебекең ағамызға тағы келдім. Әскерден келген, жоғары оқу орнын бітірген үлкен азамат болсам да, ол кісінің алдында әлі бала тәріздімін. Мүмкін, жастық шағым болар, әйтеуір ағамның ақыл-кеңесін тыңдауға, айтқандарын орындауға құштар болатынмын. Менің келгеніме нағашым өте қуанып: «Әй, батыр, үлкен өмір жолына енді шықтың. Мен сені бір жұмысқа орналастырам. Жүр!» — деді де, қазіргі Химия-металлургия институтына алып келді. Осындағы бір зертхананың меңгерушісі Виталий Павлович Малышевтың алдына әкеліп: «Мына азаматтың еті сенікі, сүйегі менікі. Химия саласына жас мамандар қажет. Өзің қадағалап, тәрбиеле!» — деп, мені әлгі кісіге тапсырып кетті. Сонан үш жыл сол лабораторияда жұмыс істеп, алғашқы еңбек жолын бастадым. Бір айта кетерлігі, осынау мерзім ішінде әр сәрсенбі сайын Ебіней аға біздің зертханаға келіп, ғылыми қызметкерлерді жинап, жиын өткізіп, біздің не істеп, немен айналысып жатқандарымызды талдап, қорытындылап отыратын.

Басқа мамандықтарға қарағанда, химия саласы өте күрделі, тіпті қауіпті де, денсаулыққа зияны бар сала. Химия ғылымы сол кезеңде біздің ұлт түсіне бермейтін, біз үшін аса дамымаған саланың бірі болған шығар. Дегенмен, Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов секілді ғалымдардың ізін басқан өздеріңіздің өндіріске енгізген жаңалықтарыңыз болды ма? Академик ағалардан алған үлгі-өнеге, тәлімдеріңіз төңірегінде ой қозғасаңыз?

— Академик ағамыздың тапсырмасымен 1981 жылдан бастап фосфор өндірісінің қалдығы фосфорлық қоқысты (шлам) өңдеп, одан пайдалы қоспаларды алу мәселелерін зерттеуді қолға алдық. Міне, осыған байланысты Ебекең мені ҚР ҒА-ның корреспондент мүшесі Әбдуәлі Баешовтың зертханасына ауысуымды айтты. Және Әбдуәлі Баешовтың жетекшілігімен «фосфор өндірісінің қалдықтарын өңдеу және олардан кондициялық таза өнімдер алу» дейтін кандидаттық диссертацияға зерттеу тақырыбын ұсынды. Алғашқыда қиын болды. Өйткені, бұрын зерттелмеген тың дүние еді. Сол жылдары ХМИ-дағы жас мамандарды Ебекең Жамбыл, Шымкент қалаларындағы фосфор зауыттарына өндірістік тәжірибеге жібертті.

Аталмыш қалалардағы фосфор зауыттарында қаншама мың тонна өндіріс қалдығы, яғни фосфор шламдары жиналып қалған екен. Ебекең сол кездің өзінде осы қалдықтардың экологияға, халық денсаулығына зиянды екенін түсініп, осынау өңделмей жатқан шламдарды өңдеп, онан таза фосфор, фосфордың қоспаларын алу жолдарын зерттеп көруді ұсынған еді.

Фосфор өндірісінің қалдығымен (фосфор шламымен) жұмыс істеу үшін біріншіден, элементті фосформен жұмыс істей білу керек. Ал, элементтік фосфор өте активті, реакцияға тез түсетін элемент. Оны тек қана судың астында ұстап қана сақтауға болады. Ауаға шығарсаң тез арада жана бастайды. Қандай да бір тәжірибе жасау үшін нақты бір салмақтағы фосфорды алып, оны әр түрлі ортада (қышқыл, негіз, т.с.с.) белгілі бір тұздармен, элементтермен әрекетке түсу мүмкіндіктерін зерттеп көру қажет. Алғашқыда осы фосфордың нақты бір мөлшерлі салмағын аналитикалық таразыда өлшеп алудың өзі біраз қиындықтар туғызды. Өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, сіздер, тәжірибе жасау үшін элементті фосфорды таразыға өлшеу үшін судан ауаға алып шығасыз, ал, ол лап етіп тұтанып, көп мөлшерде қолқаны қабатын түтін шығара бастайды. Айта кететін бір жай, әскери мақсатта осы элементті фосфордан «напалмовый бомба» жасалады.

Жанған фосфор да оңайлықпен өше қоймайды. Сол кезеңде Қарағандыда, тіпті бүкіл Қазақстанда осындай өте активті элементпен жұмыс жасай алатын мамандар жоқ еді. Содан көптеген қиындықтарға тап болдық. Қаншама рет қолымызды, киімімізді күйдірдік. Ақыры фосформен жұмыс істеуді үйрендік. Тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің арқасында біраз жақсы көрсеткіштерге жеттік. Атап айтқанда, осы еңбектерімнің нәтижесінде өзім 20-ға жуық КСРО-ның авторлық куәлігін, 8 шетелдік патент алдым.

1982 жылы Қарағанды қаласында Бүкілодақтық «Халькогендер мен халькогенидтің химиясы және технологиясы» атты халықаралық конференция өтті. Мұнда Ебекеннің «Көмірден мұнай өнімдерін алған» ең үлкен жаңалығы сарапқа салынды. Тәжірибе түрінде анықталды. Конференцияға келген қонақтардың бірі Бүкілодақтық атақты академик В. И. Спицын бұл жобаны қызықтап, қолдау көрсетті.

Өндіріске зор жаңалық болып енген осы идеяны жалғастырған Ебекеңнің шәкірттері Болат Ермағанбетов пен Мырзабек Байкенов есімді азаматтар химия саласынан докторлық қорғады. Екеуінің де ғылыми жетекшісі Ебіней Арыстанұлының өзі болды.

Жалпы химия саласында жүрген сол кездегі жастардың барлығына Ебіней ағаның орасан ықпалы, мол көмегі тиді десем, артық айтқандық емес. Бәріміздің де ғылым жолындағы алғашқы талпыныстарымызды қуаттап, бағыт көрсетіп, диссертация жазуымызға ақыл-кеңес бергені — ұстаздың шәкірттеріне деген шынайы көңілі, ыстық ықыласы деп сезінеміз. Ғұлама ғалымның дәстүр жалғастығы ретінде жастарға қамқорлық көрсетуі — ұлтымыздың, еліміздің болашағын ойлағаны деп білеміз.

Қанат аға, Сіз, академик Ебіней Арыстанұлының туысқаны әрі шәкіртісіз. Ол кісімен көп араласып, жақынырақ жүрдіңіз. Ғажайып ғалымның жеке өмірі, тұлғалық қасиеті жөнінде ел біле бермейтін тағы қандай сырлары болды?

— Ебіней ағаның аса терең білімдарлығы, табиғат берген таланты мен дарыны өз алдына. Бізді қатты қызықтыратыны — ол кісінің өте еңбекқорлығы еді. Өмір бойы химия саласында, өндірісте ғылыми зерттеулермен айналысты. Басшылық қызметтерде болды. Бұған қоса, әдебиет әлемінде, аударма өнеріне сіңірген еңбегі қаншама десеңізші. Бір ғана мысал, 1979 жылы жүрегінен ауырып, Қарағанды қаласындағы ауруханада жатты. Көңіл сұрап барған кезімде маған бірнеше аудармаларының қолжазбасын көрсеткен. Есімде қалғаны Шекспирдің «Макбеті», Маяковскийдің «Клоп» («Қандала»), «Хорошо» («Керемет») секілді ірі шығармалары. Жүрегі қысып, жаны ауырып жатса да, еңбектен қол үзбей, аурухананың өзінде көркем аудармамен айналысқаны таңғалдырарлық жайт.

1982 жылдары ХМИ-да аға ғылыми қызметкер болып жүрген кезімде Мәскеуден белгілі академиктер Белоусов, Ждановтар келген еді. Әлгі мүйізі қарағайдай ғалымдар Қарағандыға ат басын тіреген бойда: «Евней Арыстанұлы қайда, қалы қалай?» деп бізден сұрай бастады. Сол Кеңес Одағына, алыс және жақын шет елдерге есімі кең тараған академиктердің өзі Ебекеңмен сырлас дос болатын. Көп жайларды, әсіресе, ғылыми ой-пікірлерді бірлесіп талқылап, ортаға салып отыратын. Мұндай оқиғалардың талайын көзіміз көріп, куә болдық.

— Ебекең қайтыс болғаннан кейін, ғалымның артында қалған ғылыми, әдеби мұраларының жайы қалай болды? Сүйікті шәкірттері, сіздер қандай іспен айналыстыңыздар?

— Ардақты ағамыздың арамыздан кетуі, өмірден ерте өтуі — ғылым үшін де, бәріміз үшін де өте ауыр жағдай болды. Сол кездегі қоғамның, қоршаған ортаның әділетсіз соққысы жайсаң жанның жүрегіне жүк түсірді. Мезгілінен бұрын жарық дүниеден кетуі, әсіресе, біздің химия саласындағы мамандарға қатты батты. Себебі, ол кісінің бастаған идеялары, көптеген ғылыми жобалары, әлі де қажетті біраз ой-пікірлері бар еді. Біршама еңбектерінің өндіріске енген нәтижесін, қуаныш-қызығын көре алмай кетті. Әйтсе де, Ебіней ағаның артында қалған ғылыми, әдеби мұралардың барлығы жинақталып, мұражайлар ашылды. Бұған көп еңбек сіңірген Ебекеңнің інісі Қамзабай аға болды. Қамзекең өмірінің соңына дейін «Академик Е. А. Бөкетов мұражайының» директоры болғанын елдің бәрі біледі.

Ебекең ағамыз қайтыс болғаннан кейін бір күні жеңгейдің шақыртуымен үйіне бардым. Жеңгеміз ол кісінің жеке жұмыс кабинетін көрсетіп, ондағы ағамыздың ғылымға қажетті барлық заттарын реттеп, мұражайға өткізуге көмектесуін өтінді.

Іші кітап пен қағазға лық толы кең бөлмедегі әрбір зат құнды жәдігер ретінде мұражайға өзі-ақ сұранып тұрғандай. Мені бір таңғалдырғаны — жазу үстелінде адамдардың аты-жөні мен мекен жайлары жазылған блакнот болды. Ерінбей санап шықсам, 270 екен. Ұзын-сонар тізімнің ішінде сол кездегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен небір ғұлама ғалымдардың, әйгілі тұлғалардың фамилиялары мен телефондары, мекен жайлары кездесті. Көбісімен хат жазысып тұрған. Тіпті, Закарпат әскери округының басшысы генерал-полковниктің де аты-жөні мен мекен жайы жазылған. Сөйтіп, ғалым ағамыздың кабинетіндегі барлық құнды жазбалары, еңбектері мұражай төрінен орын алды. Соның бәрі халықтың, өскелең ұрпақтың қазынасына айналғанын өздеріңіз де білесіздер.

Ебекеңді ел сыйлады. Біздің ұлт үшін үлкен тарихи тұлға, ғұлама ғалым. Ал, басқа ұлттар ол кісіні қалай бағалады?

Әңгімеміздің ортасында Мәскеуден келген атақты академиктер Белоусов, Ждановтар, т.б. белгілі адамдар ол кісіні іздеп, қал-жайын сұрап жатады дедік. Кабинетіндегі 270 тізімнің көбісі басқа ұлт өкілдері екендігі де анық. Осыған қоса, тағы бір-екі деректі келтірейін.

2008 жылы Химия-металлургия институтының 50 жылдығы болды. Жан-жақтан, алыс шетелдерден қонақтар келді. Солардың ішінде Урал политехникалық институтын 21 жыл басқарған ректор С. С. Набойченко Ебекеңнің зиратының басына барып, гүл шоғын қойып, досы туралы естелік айтты. 25 жылдан кейін айтылған естеліктің қысқаша мазмұны мынадай:

…Бір кезде Ебіней Арыстанұлы Набойченконың докторлық диссертациясына оппонент болыпты. Оппонент ретінде ғылыми жұмысты қарап шығып, қызыл бояумен кемшіліктерін бадырайтып көрсетіп, көп сын-ескертпелер айтыпты. Солардың түйіні: «…Орыс баласына, орыс ғалымына орысша мәтіннің құрылымын, орфография мен грамматиканы қазақ баласы үйреткені ұят шығар. Дегенмен, ғылым үшін, шындық пен ақиқат үшін осылай істеуге тура келді. Сіз, кешірерсіз, мына жұмысыңызды биыл қорғамай, тағы бір жыл қараңыз. Бәрін әбден толықтырып, түзетіп, жөндеп келесі жылы қорғаңыз…». Сонан С. С. Набойченко жазып біткен ғылыми жұмысын сол жолы қорғамай, бір жыл тағы толықтырып, қайта жөндеп, келесі жылы сәтті қорғайды. Кейін ширек ғасырдан соң айтқан естелігінде Набойченко осы жайларды өз аузынан айтып, Ебекеңнің сондағы әділдігін, туралығын, ғылымға деген адалдығын, досына жаны ашыған өткір сын-пікірлерін мақтаныш сезіммен жеткізгенін өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік.

— Кәке, сізге, соңғы бір сұрағымыз: Ебіней Арыстанұлы Бөкетов — бүгінгі ұрпақ үшін аңызға айналған адам. Ғұлама ғалым, тарихи тұлға, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз. Осындай аяулы ағамыздың ет жақыны әрі ізбасары ретінде қазіргі жастарға не айтар едіңіз?

— Бүгінгі заман үлкен білім мен терең ғылымды қажет етеді. Ол үшін жастардың көп ізденуіне тура келеді. Ебіней аға бізге өмір бойы: «Жақсы оқыңдар, ерінбей еңбек етіңдер, адал еңбек ешқашан далада қалмайды, сонда ғана іздегендеріңді табасыңдар» деуші еді. Осы өнегелі өсиетті қазіргі жастар да қаперіне іліп, үлгі-өнеге тұтса деген тілегім бар.

— Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет! Еңбек жолыңызға өрлеу, өмір жолыңызға сәттілік тілейміз!

Әлімжан ЖАҚАН,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Болат САРСЕМБАЕВ,
ҚЭУ-дың доценті