Евней Бөкетов публицистикасындағы Ш. Уәлиханов, Қ. Сәтбаев бейнелерінің тұлғалық сипаты

Евней Бөкетов публицистикасындағы Ш. Уәлиханов, Қ. Сәтбаев бейнелерінің тұлғалық сипаты

Е. Бөкетов есімін, ол жазған публицистикалық шығармалар өзегін Алаш жұртының алыптар легінен іздеуіміз әбден лайық. Өз заманының күрделі проблемасын шығарма шындығына айналдырған Е. Бөкетов таланты сөз жоқ келер ұрпақ қажетіне айналдырар құнды дүние қатарында тұрады.

Академик Сәтбаев, академик Бөкетов. Бұлар халқымыздың бақытына туған жарық жұлдыздар еді. Бірі — ұлы ұстаз, бірі оның шапағатына бөленген шәкірті болды. Ұстаз алдында асыл парызының бір өтеуі болсын деді ме, ғалым. жазушы Евней Бөкетов бертінде көркем сөзбен кестелеп «Жас Қаныш» атты деректі хикаят жазды. «Шығарма орыстілді оқырманға арналып жазылғандықтан, автор қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие ерекшеліктеріне кеңірек тоқталып, қызғылықты баяндап отырады. Кітаптың танымдық, тағылымдық маңызы зор». 1999 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген Евней Бөкетовтің «Жас Қаныш» деректі хикаятына осындай пікір білдіріпті. Осы деректі хикаяттың жазылу тарихы туралы Е. Бөкетовтің Қаныш Сәтбаевтың жары Таисия Алексеевнаға жазған хатында жақсы айтылған.

Бұл хатты Таисия Алексеевнаның: «Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірнамасын тек сіз ғана жазуға тиістісіз, тіпті, әрі барса, міндеттісіз, деген өтініш-тілегін айта отырып, хикаятта жазған ізденістері мен ойларын былайша білдіреді: «Әрбір адамның ішкі сыры, ұңғыл-шұңғылы көп өз алдына бір дүние екені адамға бұрыннан таныс қағида болса, жобасы, осы қағида үлкен ойшылдар мен ғұламалардың, халық ардагерлерінің рухани өміріне қолданғанда анағұрлым мағыналы болмақ. Сондықтан Қанекең сияқты адамдардың ішкі сырын, ой астарын түбегейлі қайталап, тұтасымен оқушыға елестетіп берем деудің өзі тіпті астамшылық болатын сияқты. Бірақ, дегенмен, біз ұлы адамдардың көпшілік үшін жазылған өмірбаяндарын оқып, көп пайдалы мәліметтер аламыз, сол мәліметтерді рухани азық етеміз. Олай болса, ұлы адамдардың ісі мен әрекеті туралы қалың оқушыға арнап жазып отыруымыз қажет, өйткені Ираклий Андроников айтқандай, ұлы адамның өмірбаянын өзінің тірліктегі тәжірибесін сезіне дамыған адамзаттың өрлеу сатысының бірі деп тануға болады. «Әсіресе, халқымыздың ғылым, мәдениет шыңына өрлеуінің жарқын бастаушы бейнесі болған академик Қаныш Сәтбаев, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов сияқты кемеңгерлеріміз жөнінде жазуымыз қажет». Сәтбаев өмірбаянына арналған деректі хикаят көтерген проблема жүгі Е. Бөкетовтің осы пайымдауынан анық аңғарылып тұр: «Қанекең тақырыбын ойлана бастағаннан бері көп деректермен танысып, айналасында жақын болған адамдармен сөйлесіп, Қанекеңнің шығармаларын оқып жүрмін, бірақ Қанекеңнің күрделі бейнесіне бір табан жақын түсіп, ол кісінің ішкі сырын ұғына бастадым десем, өтірік айтар едім».

Осы жерде Е. Бөкетовтің кәнігі публицистерге тән шығармашылық машығына тағы куә боламыз. Журналистке қойылар талап: «не жазсаң да біліп жаз, әбден зерттеп жаз» болса, бұл қасиет Е. Бөкетовтің табиғатына тән қасиет екеніне өз сөзі дәлел. Қанекең туралы шығарма жазу барысында Е. Бөкетовтің көп ізденіп, еңбектенгені байқалады. Ол ізденіс мұраты — шығарма арқауының өміршеңдігі мен ұрпаққа өнегелі болар мұраның мағыналы мәнді болуы.

Ұлы адамдар өмірбаянының жазылу тарихына зор мән бергендігі, оны зерттегендігі Таисия Алексеевнаға жазған хатында анық сезіледі. Осы тұрғыдағы Д. А. Фурмановтың сөздерін есіне алып: «Тарихи тұлғалар суреттелген. Олардың шын айтқан ойлары мен сөздері келтірілмей, оның орнына шығармада осы бір түрде ешқашан олар айтпаған ойлар мен сөздер келтірілуінде ешбір оғаштық жоқ. Ең бастысы — тұлғаның шын бейнесі, тарихи тұлғаның шынайылылығы сақталуы қажет, уақ-түйек детальдарды құрауда ешбір мән таба алмаймыз. Кейбір сөздер айтылған болар, енді бір сөздер айтылуға тиісті болар бәрібір емес пе? Тек болған істер мен адамдардың шынайылығы сақталса болғаны». Осындай ой, тың пікір, өзіне тән қаламгерлік әдіс-амалмен, іштей ширығып, тыңғылықты әзірлікпен жазған Е. Бөкетовтің Қаныш туралы деректі хикаяты болмысы бөтен, танымы терең дүние болып шыққан.

Публицист Е. Бөкетов шығармаларының ішінде «Шоқанның қасиетті ісі» (Святое дело Чокана) атты эссесінің алар орны ерекше. Этнограф-жазушы, әдебиет зерттеушісі Ақселеу Сейдімбековтің 1981 жылдың 22 наурызында Бөкетовке осы эссе жайында жазған пікір хатында мынадай тамаша ойлар айтылған:

«Шоқан туралы публицистикалық очеркіңізді бүгін оқып бітіп, енді алған әсерімді жеткізуді ниет етіп отырмын. Қолжазбаның соңғы бетін жапқанда, сөз жоқ, сәтімен біткен дүние деген пікір көкейде тұрады.

Рас, қазір бізде Шоқантану ғылымы қалыптасты. Шоқанның алуан тақырыпты ғылыми еңбектерін былай қойғанда, сол еңбектердің әр сөйлемінен қиқулап көтерілетін көреген ойлар бар ғой. Сол ойларды табу, тану, кәдеге жарату, сонсоң ұлы ғалымның тарихи зердесіне табынып отыру бүгінгі, болашақ ұрпақтардың асыл мұраттарының бірі. Міне, осы тұрғыдан келгенде Сіз айтқан ойларды, Сіз аңғарған тарихи шындықтарды мойындауға тура келеді».

Әрине, Е. Бөкетовке дейін Шоқан туралы да, Қаныш туралы да көп зерттеліп, көп жазылған. Бірақ Е. Бөкетов пайымы, Е. Бөкетов көзқарасындағы Шоқан мен Қаныш образы сөз жоқ болмысы бөлек дүние. Мұның құпиясын тағы да сол Е. Бөкетовтың ғалымдығынан, ғылымды терең түсінген оқымыстылығынан іздейміз. Өйткені ғалым адамға ғана тән кейбір ішкі түйсіктердің ашылуы осыған дәлел. Мысалы, «Дуровтың Шоқан туралы айтатын ойлары» немесе бала Абай мен бала Қаныштың бір-біріне ұқсас танымдарын келтіретін тұстары.

«Бар үміт кіші ұлда, Қанышжанда. Сегіз жастағы бала дейтін емес, қимылы байыпты, мінезі байсалды. Жұрттың айтысы: «Абай да бала кезінде осындай баяу, тіпті болбыр болған» деседі. Қаныш бойынан Абайға тән қасиет іздеу Е. Бөкетов ойының тым әріде, әлі ешкім аша қоймаған тың пайымдауларда жатқандығын қуаттайды.

«Шоқан да, Қаныш ағамыз да әдебиеттің жанашыр досы, зерттеушісі, өнердің қамқоршысы болған. Мен осы ұлағат иелерін ардақ тұтумен бірге, оларда бар қасиеттерді бойыма сіңіруге құштар болдым. Е. Бөкетовтің осы сөздері бұл кісілер туралы жазған еңбектерінде айрықша сезіліп, ұстазға деген рухани сүйіспеншілігінің табы әрдайым білініп тұрады. Шын пейілмен құрметтеуден шынайы сезім туатындығы да сондықтан.

Шоқан мен Қаныш туралы жазған Е. Бөкетов шығармалары екі түрлі қоғамның уақыт кеңістігіндегі шындықты шынайы, көркем тілде баяндайтын проблемалық публицистикаға жатады. «Документальность является важнейшей особенностью публицистики, «Фундамент из точных и бесспорных фактов» составляет ее основу». Теоретиктер айтқан бұл тұжырым Е. Бөкетовтің Шоқан мен Қаныш жайлы жазған шығармаларына тән құбылыс. Өмірде болған барлық жағдайды негізге ала отырып, көркем тілмен шығарма желісін шұрайлы құрған. Құр фактіден ұлы тұлға болмысы толық ашылмасы белгілі. Бұл жерде шебер тіл, келісті ойдың, көркем сөздің алатын орны ерекше. Біз зерделеген «Жас Қаныш», «Святое дело Чокана» туындылары осы үрдістен шыққан өз кезеңінің ең озық ойлы публицистикалық шығармалары қатарынан табылуы заңды құбылыс.

1977 жылы «Жазушы» баспасынан «Творчество қырлары» (Грани Творчество) атты деректі очерктер кітабы жарыққа шықты. Жазушы Алексей Брагиннің айтуы бойынша бұл кітапта Қазақстан ғылымы мен мәдениеті қайраткерлерінің (Қ. И. Сәтбаевтың, М. О. Әуезовтің, И.Қ. Қарақұловтың, М. И. Усановичтің, Ә. Б. Бектұровтың, Ж. Шаниннің, Ш. Аймановтың және т. б.) әдеби бейнелері шеберлікпен, өте терең білімдарлықпен және сүйіспеншілікпен жазылған.

Е. А. Бөкетов Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы әр кездерде «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Аққан жұлдыздан құс жолына дейін» (3 сәуір, 1969 жыл), «Таң шолпандай жарқырап» (№ № 266-278, 12-15 қараша, 1972 жыл), «Тұңғыш қазақ академигі» (12 сәуір, 1979 жыл) және «Академик туралы әңгіме» («Простор» журналы, № 2, 1978 жыл) атты публицистикалық әңгімелер жазды.

Евней Арыстанұлының шығармашылық жолындағы сүйікті тақырыбының бірі Шоқан Уәлиханов еді. «Белгісіздікке жол. Жазушылар ғылым туралы ой толғауда (Мәскеу, «Советский писатель» баспасы, 1985 жыл) жинағының 18 санында Е. Бөкетовтің «Шоқанның қасиетті ісі» атты эссесі жарық көрді. Е. А. Бөкетовтің осы беделді одақтың баспа орнының редакция алқасының мүшесі болғанын айта кеткен жөн. Ш. Ш. Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына арналған Е. Бөкетовтің «Шоқанның асыл мұраты, қасиетті ісі» атты публицистикалық әңгімесі «Простор» журналында (№ № 11-12, 1986 ж.) жарық көрді. Мұнда қазақ және орыс халықтарының екі перзенті — Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің достығы арқылы қазіргі кезде ғылыми зерттеулердің, психологиялық болжамдардың және көркем шығарманың тақырыбы болып отырған осы екі халықтың тарихындағы бауырластықтың жарқын беттерін көрсетеді. Евней Арыстанұлы Шоқанның ғалым ретіндегі бейнесін былай суреттейді: «Шоқан Уәлиханов шындықты белгілі бір тар көлемді шеңбер деңгейінде анықтауға талпынатын кеңес ғалымдары қатарына жатпайтын, оны өмір өзінің барлық көрінісімен қызықтыратын, бұл қызығушылықтың деңгейі оның зерттеушілік қабілетімен, үндестік алгебрасымен салыстыра алатын сирек шеберлігімен анықталатын да оның жүрек тулататын қайырымдылығы, ойлануының таңғажайып орамдылығы жанының ақындығымен, шеберлігімен, бейнелеп, көре білуімен, нені болса да дәл және жалынды сезіне білуімен ұштасып жататын» (Е. А. Букетов. Библиографиялық көрсеткіш. Қарағанды, 1992 ж. 34-35 б.).

«Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланған «Ұлы мұрат мұрагері» мақаласында: «Туа бітті дарыны мен рухани кемел-қуаты жөнінен, кіршіксіз пәктігі мен өмірдегі жоғары мақсат-мұратты ұстанғаны тұрғысынан Шоқан сол кезеңдегі өмір шындығы аяусыз қыспаққа алып, ең қатал тіршілік тауқыметіне тұсаулағандардың алғы қатарынан орын еншілейтінді. Сондықтан Шоқан Уәлихановтың отыз жасқа толмай, 1865 жылы дүниемен қош айтысуы таңданарлық жайт емес», — деп жазады Е. Бөкетов. «Ол өзін туған қазақ жұртының өткендігі, өз тұсындағы, бір сөзбен айтқанда, халықтың экономикасы, тұрмысы, наным-сенімі, салт-дәстүріне қатыстылардың барлығының кереметтей жүйрік білімпазы тұрғысында танытты. Шоқанның барлық еңбектері ұлы қолтаңбамен мөрленген».

Шоқан туралы Е. Бөкетов көзқарасы осындай пайымды көрсетеді. Яғни, Шоқан жайлы жазған шығарма да осы пайым-түсінік арқауында өрбіп, үрдіс алады. Жалпы Е. Бөкетов өз бойындағы туған халқына деген құрмет, ғылым-білімге деген құмарлық, адамгершілік ізгі қасиеттердің барлығын Шоқан тұлғасынан тануға ұмтылған. Ол ниеті, әрине, өте сәтті шыққан. Е. Бөкетов қаламынан туған Шоқан бейнесі шоқантану ғылымына жарқын, тың беттер қосқаны ақиқат.

Е. Бөкетовтің ұлы тұлғалар туралы жазған естелік-эссе, деректі хикаяттары туралы біз жоғарыда аз-кем болса да айтып өттік. Солардың ішінде Қаныш, Шоқан туралы жазған ой-толғамдарының өзіндік ерекшеліктеріне баға беруге тырыстық. Мұның сыртында Евнейдің И. Қарағұлов, Ә. Бектұров творчествосына жазған толғам-таным, тапқан жаңалықтары туралы да пікір-көзқарасымызды білдірген едік.

Е. Бөкетов публицистикалық шығармаларының негізгі арқауларының бірі өнер дейтін болсақ, онда автордың этика-эстетикалық талғам түсініктерін де ғылыми тұрғыдан бағалау бүгінгі ұрпақ парызы деп білеміз. Бұл жөнінде ғалым-публицистің бірқатар шығармаларындағы тәлім-тәрбие, ұлағат, өнеге төңірегіндегі ой-пікірлерін шешендік өнер тұрғысымен қоса қарастырғанды жөн көріп отырмыз.

К. Д. АСАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
ҚарМУ профессоры