Түлектен тілек

Түлектен тілек

Мен ол кездегі академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері болып түскен шағым еді. Университет қабырғасы жеке басымның тұлға болып қалыптасуына қолынан келген жақсылықты жасады. Студенттер мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі болдым. Сол үшін аталған ошақта қызмет атқарған әр адамға шәкірттік алғысым жанымның тереңінде.

Одан бері біраз уақыт өткен екен. Тілегімді барынша қарапайым етіп жеткізуге тырысайын. Қазір сапа дәуірі келе жатыр. Былай қарап тұрсақ ел-жұрттың барлығы дерлік материалдық құндылық табу жолында белсенді әрекет қылып жатыр. Ол жөн де. Алайда қайырымды қоғамда ең алдымен адам құндылығы өсе түспек.

Кейінгі буын жастарға алдымен келесіні жеткізіп, тілек етсем деп едім:

  • Кітап серігіңіз болсын, жұмасына кітап бетін ақтарған адамның жүзі нұрлы болады. Кітап өзіңіздің үнсіз һәм шынайы досыңыз.
  • Айлығына қарамай тек өзіңіз қалаған қызметке тұрған ләзім. Себебі жан жадырататын жұмыс ғұмырыңызды мәнді әрі ұзақ қылмақ.
  • Қаражат табу әркімнің-ақ оң жамбасына келе берелік шаруа емес-ау. Дегенмен, қанша тапсаңыз да бір бөлігін үнемдеп көріңіз. Пайғамбарымыз «үнемдейтін адам кедей болмайды» деген.
  • Бір мезгіл дем алуға көңіл бөлсеңіз екен. Өйткені, дем алуға уақыт таппаған жан, кейін ем алуға уақыт табуына тура келеді. Тіршіліктің осындай үнсіз қағидалары кейде өз ақысын алады…
  • Психолог С. Смағұлова «Адамгершілік — алғашқы капитал» концепциясын үгіт қылып жүр. Мәні бар дүние. Қайырымды жан ешқашан ешкімнен қорлық көрмейді…
  • Ашу — көркіңізді қашыратын жан дерті. Мінезіңіздің көркемдігі айналаңызға шуақ себеді. Соған ұмтылсаңыз екен.
  • Университет киелі жер. Сіз тұрған жердің табалдырығына дейін таза әрі жинақы болғанын қадағалау артықтық етпейді. Жинақылық түбі — кеніш (Абай хәкім).
  • Өмірді ақ парақтан шексіз бастай беруге болар… алайда жазуыңызды өзгерту қиынның қиыны. Жазуыңыздың әдемілігіне мән берсеңіз екен. Жазуы әдемі жанның тіршілігі өнегелі болады.
  • Не алсаңыз да. Қайтсеңіз де. Қайда барсаңыз да. Не сатып алсаңыз да. Салтанатты орындарда (қымбат мекенжайларда) атқарғаныңыз абзал. Себебі мейрамханадағы қара шай асханадағы кешенді тамақтан қайырлы. Әрі ондай жерлерде өзіңізді бағлан сезінесіз. Әр қазақ өзіне патша болуы тиіс.
  • Садақа атыжоқтың белін сындырады (Дәйләми). Қайырымдылық жасауды қарындасыңыздан бастасаңыз да жеткілікті. Себебі алғыс арқалаған адам алысқа барады әрі біреудің қажетін себепсіз шығару жамандық атаулының алдын алады.

Хош. Осымен қаламымды қаңтарып қояйын. Құрметті тәлімгер. Өз өміріңіздің егесі болуыңызға шынбейіл тілектеспін.

Ерқанат Кеңесбекұлы,
Қарағанды облысының ақпараттық-талдамалық орталығының басшысы