ҚарМУ-дың мақтан тұтар түлектері

ҚарМУ-дың мақтан тұтар түлектері

Академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов негізін қалаған киелі қара шаңырақ Қарағанды мемлекеттік университеті қабырғасында білім алып, қанаттанған түлектер бүгінде еліміздің әр өңірінде табысты еңбек етуде. Университет халықтың мүддесі, Отанның игілігі жолында қызмет етіп жүрген түлектерін мақтан тұтып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етеді. Биыл тағы да қаншама жас қолына диплом алып, маман атанып, жаңа өмірге қадам басқалы отыр. Студенттік шақтың шыңы – диплом беру рәсімі басталып, қимастық пен қуаныш арпалысатын осы бір айтулы күндер қарсаңында түлектермен сұқбаттасып қайттық.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНҰЛЫ, 1956 жылы 17 қаңтарда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Шахтер совхозында дүниеге келген. 1993 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдады. 2011 жылы «Құрмет» орденімен, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен және 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған. Лауазымы: Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы. Құдайберген Бексұлтанұлы адал ісімен, адамдық қасиетімен, басқарушылық қабілетімен танылып, ел ағасы атанды. Қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген, халықтың ыстық ықыласына бөленген абыройлы азамат. Қай кезде де тұрғындардың сауал-тілектерін, мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырған емес.

— Құдайберген аға, өмір жолыңыз, өмірлік ұстанымыңыз жайлы айта отырсаңыз?

— Біз басқа заманда өмірдің ыстық-суығын көріп өскен ұрпақпыз. Ауылдық жерде туып-өстім, Нұра ауданы, Шахтер совхозындағы мектеп-интернатта оқыдым. Сол интернат көп балалы отбасынан шыққан ұл мен қыздың, ата-анасынан айырылған жетім балалардың жылы ұясына айналды. Апайларымыз бір үйдің баласындай ұжымшыл, бауырмал болуға үйретті.

Адамның жүзіндегі жылдар салған әжімнің әр қатпарында өмірдің ізімен қатар сырлары да жатыр. Алланың жазуымен бір кездері құрылыста да істедім. Челябинск қаласында № 762 поездің электромонтажшысы болып қызмет еттім. Ешқашан арланып, қарапайым қара жұмыстан бас тартқаным жоқ. 1976 жылдың желтоқсанынан 1978 жылдың тамызына дейін Тың темір жолының 10-шы Қарағанды дистанциясының дефектоскоптық арбаша операторының көмекшісі болдым. 1988 жылдың желтоқсанынан 1993 жылдың тамызына дейін № 26 орта кәсіптік-техникалық училищенің оқыту-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары, кейін 1993 жылдың тамызынан қарашасына дейін сол оқу орны директорының міндетін атқардым, ал 1993 жылдың қарашасынан 1999 жылдың қарашасына дейін училищенің директоры болып еңбек еттім. 1996 жылдың желтоқсанында қосымша сайлау қорытындысы бойынша Қарағанды қалалық мәслихатының № 13 сайлау округінің депутаты болып сайланып, 1999 жылдың қарашасына дейін директорлық міндетіммен қатар депутаттық қызметімді атқарып, қаламыздың қоғамдық, саяси өміріне етене араластым. 1999 жылдың қарашасынан 2011 жылдың 31 қазанына дейін ІІ, ІІІ, IV шақырылған Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы болып сайландым. 2011 жылдың қарашасында Қарағанды облысының Нұра ауданының әкімі болып тағайындалуыма байланысты, IV шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс LVI сессиясының шешімімен Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы лауазымынан босатылдым. Әкім лауазымында 2016 жылдың 29 наурызына дейін қызмет еттім. Осы күннен бастап VI шақырылған Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы ретінде сайландым.

Менің өмірлік ұстанымым — еңбек, көркем мінез, намыс. Бақытты болу үшін адамға ең қажеті — тынбай еңбек ету, бір ортаға сыйып, сыйлы болу, өз адамгершілігіңді таныту үшін көркем мінезің, жеткен жетістіктеріңнің қорғаны болатын кіршісіз намысың, әр жағыңда адалдығың болуы шарт. Көркем мінезді адамның жаны жайсаң болады, ата-анасын, елін сүйеді, бойына барлық жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі, жомарттылық, рақымшылық та сондай жанның бойынан табылады.

— ҚарМУ-да оқыған жылдарға оралсақ, қандай студент болдыңыз?

— Үздік болдым деп айта алмаймын. Бірақ білім алуға сондай құштар едім. Тарих факультетінде Мырзағали Қасенұлы, Әлімжан Нұғыманұлы сынды ерекше тұлғалардан дәріс алдым. Әлі күнге дейін ұстаздарымызбен сыйласып, хабарласып тұрамыз. Тәртібім жақсы болды деп айта аламын. Негізі, мектеп қабырғасында ерекше сүйіп, қызығып оқыған пәндерім — тарих, әдебиет, геометрия, орыс тілі мен орыс әдебиеті болатын, ал түсінбейтін, оқуға жүрегім дауаламайтын сабақ химия еді. Әлі күнге дейін биология, химия салаларын түсінбей қалатын тұстарым бар. Біз оқыған кезде ел тарихында орын алған сан түрлі оқиғаларға байланысты білім алу көзі де өзгеріске ұшырап жатты. Горбачевтың саясаты тұсында деп айтсам болады, түрлі ақпараттар таралып, небір өзгерістер орнады. Сол уақытта мектебімізге жаңадан оқу бітірген жас маман келді. Менің сыныбыма жетекшілік етті, әрқашан қолдап, демеу беріп, тыныш отырған Құдайбергеннен староста шығарды. Сол уақыттан бастап қоғамдық жұмыстарға етене араласа бастадым. Еңбек жолымдағы қызметтерді атқара алуыма сол сәттердің септігі тиген болар деп ойлаймын. Нағыз ұстаз деп сол кісіні айтуға болады. Қазір ол кісі Германияда, хат алысып, хабарласып тұрамыз, өзі де, балалары да келіп-кетіп тұрады. Ардақты ұстазыма басымды иемін.

Өзіңіз де ұстаздық еткен екенсіз, сол жайлы айтып өтсеңіз… шәкірт тәрбиелеудің қандай қыр-сырын атап өте аласыз?

— № 26 орта кәсіптік техникалық училище директорының оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, кейін директорлық қызмет атқардым. Сол жердегі дарынды, талантты балалармен жұмыс жасадым, тәрбиелеп, қолдап, дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ақылымды айтып жеткізуге тырыстым. Әсіресе жетім балалар көп оқыды. Өзім де жетімдікті көріп өскен жанның бірімін. Дәл сол уақытта басқа оқу орындарында жатақханаларын жауып жатты. Ал мен жатақхананы алып қалдым, кейіннен өзге оқу орындарынан жатақхана үшін көптеген балаларды бізге әкелді. Сол балалардың барлығының сабақтарына көмектесіп, тәрбиесіне қарасып, қолымнан келгенімше көмектесіп жүрдім. Кейін басқа қызметке ауыссам да сол жерге жиі жиналып тұрдық, Құрбан айт уақытында балалармен, жолдасыммен жиналып, училищеге барып, құрбан шалып, құдайы тамақ беретінбіз. Мәслихатқа барғанда депутаттардың, әкімнің қолдауымен 2002-2003 жылдары 44 балаға пәтер кілтін табыстадық. Қазіргі уақытта отбасын құрып, балалы болғандары, қызметпен үлкен жетістіктерге жеткендері де бар. Жаман әдеттерге, ішімдікке де әуес балалар болды. Оларға ақыл айтып, жөнге салып, бәріміз бірге дұрыс, таза жолда жүруге талпындық. Менің жолымда кездескен қатарластарым, ұжымым, достарым, шәкірттерім бәрі жақсы болды. Жақсы ұстаздардан алған жақсы тәрбиенің арқасында байлық қуғам жоқ, қызмет қуғам жоқ, бірақ мен шәкірт жинадым. Маған шәкірттерім ыстық лебіздерін, ризашылықтарын білдіріп жатады. Оларға арнап мен атақты жазушы Лев Толстойдың мына сөзін айтамын: «Мен көп нәрсені достарымнан үйрендім, одан да көбін ұстаздарымнан үйрендім, ең көбін өзім білім берген шәкірттерімнен үйрендім». Иә, рас, шәкірттерімді Құдайдың берген бір сыйы деп те айта аламын. Оларға ұстаз боламын деп өзім де өмірдің ыңғайына қарай тәрбиелендім, тәжірибе жинадым. Жастарға тәлім-тәрбие бере отырып, өзің де бір ізгілікті үйрене бересің. Шәкірт тәрбиелейтін жан өзі бір мөлдір бұлақтай болуы керек шығар, сен таза болғанда ғана шөлін қандырып, сенің суыңнан сусындайды. Шәкірт тәрбиелей отырып өзіңді де ізгілікке тәрбиелеп отырасың. Өмірімде аузымнан жаман сөз шықпапты. Біреудің намысын қорламаймын, арақ ішпеймін, шылым тартпаймын, шүкір. Достарыма да, бірге жүрген азаматтарға да, шәкірттеріме де осыны насихаттаймын. Салауатты өмір салтын ұстанамын, теннис ойнаймын, атқа мінгенді, велосипед тепкенді, әсіресе, қысы-жазы жаяу жүргенді жақсы көремін. Өмір деген таңның атысы, күннің батысы еңбектеніп, сол еңбекті насихаттаумен қызық. Үлкендер айтатын: «ер азаматқа тоқсан тоғыз кәсіп аз, үйрен де жирен», — деп. Халқымыздың даналығымен де біте қайнасып өстік, ол өмірде өз қажетімізге қол жеткізуге мол пайдасын тигізді.

— Жастардың атқарып жатқан жұмыстарына, біліміне, бастамаларына көзқарасыңыз қандай?

— Таң қаламын… білім қуған, ғылым жолына түскен жастардың алдында қаншама мүмкіндіктер бар, ғылым жағынан айтсам, бүкіл әлемнің ғылыми байлығы қолжетімді. Қазіргі таңда білімге, өнерге ұмтылған жастарға «әлемнің бәрі өз қолдарыңда» деп айтар едім, «тек алдыңдағы мүмкіндіктерді жіберіп алмай, дұрыс пайдалана біл». Бүгінгі күні жастарымыз жан-жақты, көрікті, дамыған. Оларға тілейтінім, тек рухани байлық. Рухы биік жастар елімізді бүкіл әлемге паш ете алатынына сенемін. Қазіргі мемлекетіміздің атқарып жатқан істері, жарық көріп жатқан бағдарламалары болашақ үшін, жастар үшін. Жастар біздің үкілеген үмітіміз.

Жастар ісінде мені қынжылтатын бір мәселе — ажырасу статистикасының көрсеткіштері. 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 139,5 мың неке қиылса, соның ішінде 59,8 мың отбасы немесе 43 %-ы ажырасқан, яғни елімізде шамамен әрбір екінші отбасы ажырасып жатады. Осының себебін сан ойлап, сұрастырдым. Көбі материалдық жағдайды алға тартып, баспанасыздықтан, жұмыссыздықтан дейді. Бірақ мен онымен келіспеймін. Пәтерсіз де қаншама жандар отбасын сақтап отыр. Екі жастың ажырасуына бұл себеп болуы мүмкін емес және де болуы тиіс емес. Қазіргі таңда ажырасудың себебі, менің ойымша, тәкәппарлық, менмендік, жауапкершіліктен қорқу. Жастардың бойынан қазір осы қасиеттерді байқаймын. Бұған біз — үлкендер кінәліміз деп ойлаймын, себебі біз оларға дұрыс тәрбие бере алмадық. Қиын заманнан шығуымыз үшін материалдық жағына басымдық танытып, тәрбиеге аз көңіл бөлдік пе деп ойлаймын. Енді материалдық жағынан жақсарып келе жатқанда руханиятымыз ақсаңқырап қалмас үшін басымдықты осы рухани байлыққа бұрсақ дейміз. Жастардың рухани жан тазалығына, мәдениетіне, инабаттылығына, адалдығына, адамгершілігіне зер салатын заман келді деп ойлаймын.

— ҚарМУ-ға келгенде қандай әсерде боласыз?

— Өзім жатып оқыған мектеп-интернатыма кіріп келгенде жатын бөлмемді, асханасын көргенде өзім іштей толқып, бір керемет сезімді бастан кешемін. Себебі — өміріме, қымбат сәттеріме, алтын уақыттарыма куә болған жер. Өмірдің талай қиындығы мен қуанышын осы жерде көрдім, сезіндім, жауап қаттым, бастан кешірдім. Ал университетке барғанда толқимын және студенттік қызықты да қиын шақтарды есіме түсіремін. Бірге оқыған біраз достарым шетелге кетті, солармен бірге емтихандарға бірге дайындалып, сабақты, тақырыптарды қызу талқылайтынбыз. Қарапайым жұмыс істеп жүріп кандидаттыққа өттім, партия мүшесі болдым. Менің артымда ешкім тұрған жоқ, «сен партияға өт» деп ақыл айтып, жол нұсқайтын да ешкім болған жоқ. Өзім сеніп, сол партия идеологиясына шын жүрегіммен беріліп, өз қызметімді жақсы көрдім.

— Жастарға айтар насихатыңыз?

— Аман болу, адал болу, адам болу. Әр жас біреуді үлгі етуі әбден мүмкін. Мен өзіме интернатта оқып жүрген кезімнен бастап Бауыржан Момышұлын үлгі еттім. Қаһарман, батыр ағамыздың өмір жолына, ерлігіне, батылдығына, мінезіне қызығып өмірбаянын, кітаптарын оқыдым, бұл, өз кезегінде, маған көп көмегін берді. Оның мінезін, адамгершілігін, ұтқыр да ұтымды ойларын — бар жақсы қасиетін үлгі еттім. Айтқым келгені, егер біреуді үлгі тұтсаң, кімнен үлгі алып жатқаныңа жақсылап мән бер. Ұлы Абай Құнанбаев айтқандай, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Сондықтан жастарға, ең алдымен, айтарым адал болыңдар, ақылды, саналы болыңдар, бойларыңды, ойларыңды мөлдір бұлақтай таза ұстаңдар және америкалық өнеркәсіпші Генри Форд айтқандай, «Сәтсіздік – бәрін де ақылға салып жаңадан бастауға берілетін мүмкіндік» екенін ұмытпай, тек алға ұмтылыңдар.

Алмаз Әмірбекұлы МЫРЗАХМЕТ, 1987 жылы 4 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарынши ауылында дүниеге келген. «Ханшайым», «Қала мозаикалары» кітаптарының авторы. «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Республикалық «Қасым» журналының бас редакторының орынбасары. «Мағжан» баспасының директоры.

— Алмаз аға, осы газеттің оқырмандары мен жас студенттерге өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?

— Армысыздар! Газет оқырмандарына алдымен қасиетті қарашаңырақ, бағаналы білім ордасы ҚарМУ-дың түлегі екенімді айтып таныстырар едім. Тек содан кейін ғана «Қасым» республикалық журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі екенімді, жазушы екенімді айтар ем. Себебі, бұл бел-белестерді қарашаңырақ ҚарМУ-дан алған білімімнің арқасында бағындырдым.

— ҚарМУ-да оқыған жылдарыңызды еске алсақ… Қандай студент болдыңыз?

— Қарағанды гуманитарлық колледжін тәмамдап келгендіктен қысқартылған бөлімге түстім. Тырнақшаның ішінде «жартылай студент» болғандықтан өзімді еркін, жақсы сезіндім. Педагогика факультетінде оқысам да филология мамандығында оқитын балалармен көп араластым. Олармен әлі күнге дейін доспыз. Бүгінгі таңда олар республикаға танымал ақындар. Біз бірге жүріп көтерілдік. Университет қабырғасында жүргенде үлкен додаларға қатысып, жақсы көрсеткіштер көрсетіп, облыстық клуб құрып, оны өркендетіп, республикалық журналға жұмысқа тұруға шақырту алып, өмірімдегі маңызды қадамдар жасадым. Студенттік жылдар кез келген адамның өміріндегі ең ерекше, есте қалатын өте маңызды кезең. Бұл кезең маған үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.

— Өзіңіз оқытушы болдыңыз. Қазіргі білім сапасына және жастардың оқуға құштарлығына, атқарып жатқан жұмыстарына көзқарасыңыз қандай?

— Қазіргі жастар білімге құштар, көкжиегі кең, жастардың алдында барлық есік ашық. Сондықтан олардың «басқаша» ойлау жүйесіне қызығамын. Ал білімге деген құштарлық әркімде әрқалай. Нақты менің студенттерім көптеген романдарды өзіммен жарыса оқитын. Бүгінгі таңда олар облысымыздағы, республикамыздағы өте беделді, рухани орталықтарда қызмет атқарып жүр. Қазіргі жастардың шет тіл білуге деген құлшыныстары мені қатты қуантады.

— Жүріп келе жатқан өмір жолыңыздан не түйдіңіз? Сізді алға жетелеп, жетістікке жетуге талпындыратын не?

— Өмірден ой түйетіндей жол жүріп тастағанымыз шамалы. Дегенмен, кейбір бұлжымас заңдылықтарға көзім жетіп келеді. Мысалы, «еңбек түбі жеңбек» деген қанатты сөз бар. Адал еңбек – қай заманда болмасын бағаланады екен. Тынбай еңбектене беру керек. Жұмысыңның жемісі ерте ме, кеш пе, алдыңнан шығады. Сапалы қылып жасасаң алысқа жеткізеді. Сапасыз ба, көп ұзамай салың суға кетеді. Сондықтан не істесең де сапалы қылып жасау керексің. Және екі жұмыс қатар келіп қалса, ұлтқа, болашаққа, жоқ дегенде басқа біреуге пайдасы тиетіндей жұмысты таңдаған дұрыс. Осыдан бес-алты жыл бұрын мен кез келген кітап, журналды шығаруды қаражат үшін жасаған болсам, қазіргі уақытта қазаққа пайдасы болар деген дүниелерді ғана қолға алатын болдым. Көз майың, қажыр-қайратың, алтын уақытың кетеді. Оны ұсақ-түйекке емес, болашақ үшін, ұлт үшін жұмсаған дұрыс. Әр адам жеңімпаз, әр адам қаһарман. Мені алға қарай осы сөз талпындырады.

— Мамандығыңызбен қалай мақтанар едіңіз? ҚарМУ білім ошағы өміріңізде қандай рөл атқарды?

— Алғашқы мамандығым «педагогика және психология» болды. Мен үшін бұл мақтанарлық мамандық. Менің жазушылығыма психологиялық білім көп көмектесті. Жалпы күнде келіссөз жүргізетін адамға таптырмас дүние. Магистратураға менің аспанымдағы мызғымас темірқазықтай қазақ әдебиеті кафедрасына оқуға түстім. Бұл қадам әдебиет әлемінің аспанына қанат қағуыма, теңізіне сүңгуіме шешуші қадам болды.

— ҚарМУ-ға келгенде қандай әсерде боласыз?

— Университетке түскен жас жүрегі лүпілдеп, көңілі өрекпіп, таудан құлаған тасқындай екпіні бар жас Алмазбен кездесемін. Кез келген түлекте сондай сезім болады деп сенем. Сен дарияда жүзіп келіп телегей теңізге түскендей боласың. Таудың шыңына шығып, аспанға қанат қаққандай боласың. Бұл менің ҚарМУ-ға алғаш келген кездегі әсерім. Ол ғұмыр бойына солай болып қалмақ. Кеудеңді бір мақтаныш кернеп тұрады. Жан-жағыңа маңғаздана қарап, алшаң басып жүргің келеді. Алғаш келген сәтте-ақ ҚарМУ менің өмірімде ерекше рөл атқаратынын, үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын сезіндім. Бұл сезім мені алдаған жоқ. Кез келген жоғары оқу орны мүмкіндіктер қазаны. Тек студент сол мүмкіндіктерді аңғарып, құлшынып, керегіне жарата білуі керек. Боламын деген, оқимын деген, жұлдыздай жанамын деген студентті, сөз жоқ, университет жарқыратады, бағын ашады.

— Жастарға айтар ақылыңыз?

— Ақыл айтатын жаста емеспіз. Дегенмен, біріншіден, әдебиетті, соның ішінде көркем әдебиетті көп оқып, түйсінуі керек. Екіншіден, ағылшын тілін үйренуі керек, шетел асып, көкжиекті кеңейту керек. Үшіншіден, талмай еңбек етіп, бойыңдағы күш-қуатыңды толық көрсетуің керек. Сенің қолыңнан келмейтін дүние жоқ. Сонда ғана жауапты қызметтердің тұтқасын ұстайсың. Ешкім де көктен аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Жетістікке жеткен әр адам сол жолда белгілі бір белестерді бағындырып, баспалдақтармен көтерілді. Қиындықтарға төзді. Жеңіске жетуі үшін осы қағидаларды ұстанған жөн, іздемпаз болуы керек, адал болуы керек. Өзің жақсы көретін іспен айналысып, мамандығыңды сүюің керек.

— ҚарМУ студенттеріне үлгі боларлық маман, ауыз толтырып мақтарлық түлегі ретінде университетіміздің студенттеріне деген тілегіңізді естігіміз келеді.

— Республикамыздағы ең беделді университеттердің бірі атанған қасиетті қарашаңырақтың студенті болатын болсаң, мұның өзі бір үлкен жетістік, сенің дарынды екендігің деп білемін. Қатарыңның алдысың. Немесе басқаларға қарағанда сенде мүмкіндік (жағдай) болып тұр. Ендеше, соны пайдалан. Ендігі жағдайда ҚарМУ-дың түлегі деген абыройлы атаққа қол жеткізіп, оған кір келтірмеуге жұмыс істе. Сәттілік тілеймін!

Біржан Нұржанұлы ӘЛІМЖАНОВ, 1988 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысы, Сарқан ауданында дүниеге келген. ҚарМУ-дың экономика факультетінің 2010 жылғы түлегі, мамандығы – бағалау. 2013-2016 жылдары Қарағанды қаласының жастармен жұмыс жөніндегі орталығының директоры. 2018 жылдан Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры. Біржан Нұржанұлы студент кезінен қоғамдық шараларға белсене араласып, тың идея ұсынып, өткір, тұщымды ой-пікір айтып, көшбасшылық қасиетімен көзге түсіп, жас болса да бас бола білді, бүгінде өз саласының мықты маманы атанып үлгерді.

— Қазіргі таңда жастардың тұлға болып қалыптасуына қандай жағдайлар жасалып жатыр?

— Жастар үшін жасалып жатқан нәтижелі жобалар туралы айтқанда, бірінші кезекте білім саласына тоқталамыз. Бірқатар мамандықтар бойынша бөлінетін мемлекеттік гранттар санының артуы, университеттерге академиялық қаржылық бостандық беру, жас отбасыларға мемлекет тарапынан жеңілдік арқылы баспаналы болу бағдарламаларын жүзеге асыру, «Жасыл ел» жобасы, «Еріктілер қозғалысы» жобасы, міне, мұндай жобалардың тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болады. Басты мәселе жобаларда емес, жастардың өздеріне жасалып жатқан жағдайларды қалай пайдалануында. Менің пікірім, жалпы болашаққа үлкен мақсаттар қоятын, ел қатарынан қалмайтын, елдің көшімен бірге боламын, елімнің, қаламның, отбасымның жағдайы үшін тырысып жұмыс істеймін, тұлға ретінде дамимын деген азамат үшін барлық мүмкіндіктер бар. Әр адам өз тағдырының ұстасы. Жасалып жатқан жағдайдан бұрын әрбір жас азамат өзіне жауапты болуы тиіс. Сол кезде ғана сыртқы ортада болып жатқан үлкен жобалардың нәтижесі болады.

— Осыдан он жыл бұрын «Жастар әлемі» газетінде берген сұқбатыңызда тілші сіз туралы былай депті: «Бағытынан адаспай жүрген бір жан. Мақсаты: Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, білім-біліктілігін одан әрі жетілдіре түсу. Ғылымға өз тарапынан тамшыдай үлес қосу. Ал асқақ арманы: халыққа адал қызмет ету, қоғамның дамуына ат салысу. Адамның мәртебесі мен дәрежесі оның мақсатының заңғарлығымен байланысты дейді». Қазіргі өмірлік ұстанымыңыз қандай?

— Өмірлік ұстанымым – отбасыма, ортама, еліме пайдалы болу. Қазақ айтады «Өмір деген қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр» деп. Сондықтан осы өмірде лайықты азамат, лайықты әке ретінде, мансабымның, мамандығымның шебері ретінде адал қызмет етіп, еңбегімнің жемісін жеп, елімнің, адамзаттың дамуына өзіндік үлес қоссам — ең басты мақсат осы болмақ. Өмірдегі барлық ұстанымдар, қағидалар соған негізделген. Адалдық, өзінің атына кір кілтірмеу, достарыңа адал болу, қолға алған істі аяқсыз қалдырмау, ешқашан ешкімнің ала жібін аттамау, ешкім туралы жаман ойламау, теріс пікірде болмау, кешірімді болу, үлкен мақсаттар қойып, соған ұмтылу өмірлік ұстанымым болып қалады.

Сұқбаттасқандар
Дияна САҒЫМБЕК,
Аяжан КЕНЖЕБАЙ,
ҚарМУ студенттері