Мөлдірліктен туады екен асқақ үн!

Мөлдірліктен туады екен асқақ үн!

Бір білерім:
Жүрегіңдей таза болсын аспаның,
Бір білерім:
Мөлдірліктен туады екен асқақ үн!
Зұлымдықтан тазартам деп жер шарын,
Жүрегімнен бастадым, — деп мөлдірлігінен туған асқақ үнімен қаншама жүректерді жаулап, қазақ поэзиясына өз арнасын, өз жолын салған жас қаламгер Ерік Сейсенұлы Нарын бүгінде талай жыр бәйгелерін қанжығасына байлаған. Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі дәстүрлі түрде өтетін «Бұқарекең жырлайды» жыршылар мен ақындар сайысынан бас жүлдені жеңіп алды. «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты жыр бәйгесінен арнайы жүлденің иегері атанды. Жас ақынмен өлеңі мен өмірі жайлы сыр шертісіп, сіздермен бөлісуді жөн көрдік.

— Өмір. Оның ішінде ақындық өмір жайлы не айтасыз?

— Өмірде өз жолын табу деген бар. Мен оны таптым ба, таппадым ба, білмеймін. Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті атанып, жаныма өлеңді серік еткенімде, өзіме шын мәнінде не керек екенін түсінгендей болдым. Оған дейін мәнерлеп оқудан түрлі байқауларға қатысып жүрдім, спортпен айналыстым. Өнер, әдебиет жолын таңдаймын деп мүлде ойлаған емеспін. Алғаш жазған өлеңдеріме қызыға қарайтынмын.

— Өлеңдеріңіздің барлығы өміріңізден алынған ба?

— Бастысы – өлеңнің тағдыры болуы керек. Өлең адам көңілінің айнасы, жүректің түкпірінде не жатыр, соның барлығын өлең сыртқа алып шығып, жеткізеді. Аспаннан алынып, құрастырылып ештеңе жазылған жоқ.

— Жас ақындарға қандай қолдау қажет деп ойлайсыз?

—Жас ақындарды мақтауды қою керек. Жас ақындарға оқудың, ақындық жолда ізденудің маңызы қандай екенін жақсылап жеткізіп, жол көрсету керек. Меніңше, ақындық – үлкен, ауыр жол. Жастардың өлеңдері газет-журнал, сайттарға басылуын қамтамасыз ету қажет. Жарыққа шыққан өлеңдер ақынға одан әрі дамуына, өсуіне септігін тигізеді. Сын да айтылуы қажет. Менің қатарымдағы ақындарға сын керек, «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді, сынмен, қолдаумен осы буынды қалыптастырып шығу керек. Әдебиет үшін бір буынды қалыптастыруға үлкен еңбек керек. Білмеймін енді, қалай десек те ұстаз, жол сілтеуші болу керек секілді.

— Бар-жоғы білінбей жазу бұл өте аз адамның қолынан келеді. Көп ақындар публиканы жақсы көреді дегенге не айтасыз?

— Иә, публиканы жақсы көретіндерде бар. Ол ақынның ойлау шеңберінде публикаға шоу жасау, өзіне қаратқысы келу бірінші орында тұрады. Әлеуметтік желіге салған бір өлеңі көп лайк жинаса болды. Оларға керегі сол. Публиканы жасамай қою деген де болмайды. Өлеңді дүниеге әкелдің бе, оны жариялауың қажет. Өлеңнің өмір сүруге хақы бар. Өлең тек сенің жаныңда жүрмей, өз тағдырын кешсін. Сенен шыққан өлеңнің елдің жүрегінде өмір сүруге хақы бар. Бар-жоғы білінбей жазу деген болмайды. Оны жария ету арқылы елдің сынын, қолдауын естіп, әрі қарай өсе бересің. Публиканы жақсы көрген де дұрыс шығар, бірақ өлеңді оқырманның деңгейіне түсіріп қажет емес.

— Сіз ақынсыз, өзгелер сіздің өлеңдеріңізден өзін тауып жатады. Ал сіз қай ақынның өлеңдерінен өзіңізді көресіз?

— Есенғали Раушановтан. Көзі тірі классиктерден қатты мойындайтыным осы кісі. Кейде адамзатқа өкпелейтін кезім болады, кек алғың келеді, аласұрып дауыл болып тұрасың, сол кезде өзімді Серік Ақсұңқарұлынан табамын. Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдірашев, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, айта берсеңіз көп. Мықты ақындар жетерлік. Ізденем десеңіз – мархабат. Шектелуге болмайды. Шама келгенше бәрін оқу керек. Уақыт өткен сайын талғамың да, өрең де өзгере береді.

— Өлең жазғанда қандай күйде боласыз?

— Өлең жазбас бұрын шама келгенше ән тыңдағанды жақсы көремін. Есениннің дауысын естігім келіп тұрады. Хәл керек. Жүректің ешкімге айтып түсіндіре алмайтын хәлі болады. Ол кезде сөздің, әннің сүйегін сезіп, кез келген дүниені, қоршаған ортаны басқаша қабылдайсың. Сол сәтті күтемін.

— Ұнататын түсіңіз?

— Қоңыр түс.

— Үстіңізге киген киіміңіздің түсі өлең жазуыңызға әсер ететін сәттер бола ма?

— Жоқ, өлеңімнің жазылуына киімімнің түсі әсер еткен емес. Өзім киімдеріме қатты мән беремін. Көбіне қара түс киемін. Киім де өлең сияқты деп ойлаймын, көбісі бір уақытта ғана өмір сүретін өлең жазады. Ол бір мезгілдің сәніне айналған өлең сияқты. Ал қара түс кез келген уақыттың сәні. Ол ешқашан жоғалмайды, ұмытылмайды. Ешқандай уақытқа, кезеңге бағынбайтын қара түсті киімдерді кигім келеді.

Ұнататын қызыңыз бар ма?

— Бар!

Қолжетпеген Ләйләлар түседі еске
Бір көңілді дүние жазар едік…

Ақындардың тағдыры ма деп ойлаймын кейде. Сүйген адамыңа қолың жетпей қояды екен. Былай қарап отырсаң – жаныңда жүрген адам, сөз салуға болады, сөйлесуге болады, қолынан ұстап, ешқайда жібермей ұстап қалуға да болады. Бірақ бірдеңе…Әйтеуір тағдыр айналып келіп бір кедергісін жасайды. Жасағанда да ана қыздың маған деген көңілін әбден суық қылып қояды, не көзіне ілмейтіндей етіп қояды. Ұнату деген — жүрегің тірі деген сөз. Егер ғашық болуды қойсаң, ұнатуды қойсаң, сағынуды қойсаң – біткенің.

—Ер жігітке қандай мінез тән?

— Сөзіне жауап беру керек. Мінезді болуы керек. Мінезсіз ақын да жоқ, жігіт те жоқ. Қатыгез қоғамға жұтылып кетпес үшін, жалауыңды құлатпас үшін мінез керек.

— Жалпы қазіргі жоспарыңызда үйлену бар ма?

— Үйлену жоспарда бар. Жер бетінде жеті миллиардтан астам халық болса, соның бәрінде жоспар бар. Кедейдің де бай болсам ба деген жоспары бар дегендей, көшедегі жүрген бір ақынның да қазақтың біртуар ақыны болсам деген жоспары бар. Бірақ жоспардың бәрі орындала бермейді. Жоспарладым, бастысы үйленуге ниет бар.

— Студенттер кімдер? Қазіргі студенттер жайлы қандай ойдасыз?

— Студенттерге қарап таң қаламын. Қоғамның қатыгездігі болар. Өзім студенттік өмірімді сағына еске аламын. Шулаттық, айғайлаттық, кафелерде айғайлап өлең оқыдық. Жатақхананың терезесінен секірдік, күзетінен қаштық. Ұстаздарым да еркелетті, бетімнен қақпады, поэзия кеші, концерт десем, жіберетін. Менің ойымша, студенттерде «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Ербол мен Меңтайдікіндей студенттік махаббат, студенттік жалын, барлығы болуы керек. Студент — от пен суға қарамайтын, қай жерде қызық, той-думан, сол жерден де табылуы керек. Сабақ – сабағымен, мынадай сөз бар ғой: «Быть умнымихорошо учитьсядве разные вещи»деген. Жатақхананың терезесі, есігі, бұрышы барлығы соларға тәуелді болуы керек! Ойна, күл, сайранда. Бүгінде сол студенттік қызық күндерімді сағынамын. Қазір қанша қыдыруым, сайрандауым бар, бірақ студенттік кездегідей емес.

— Қазір студенттердің барлығы дерлік жұмыс істейді. Осыған қалай қарайсыз? Олардың қара жұмысқа жегілуіне қоғам кінәлі ме?

— Жұмыс істеген дұрыс. Қиыншылықтар жоқ емес, бар. Барлығы жақсы, мінсіз кезең ешқашан болған емес, студенттік өмір осымен қызықты. Бәріне бойдағы күш-қуат жетеді. Ақша тауып, өмір сүруге икемделесіз. Оның жамандығын көріп тұрған жоқпын.

— Өзіңіз қандай студент болдыңыз?

— Жоғарыда айтып өткендей, еркеліктерім де болды. Студенттік шағымнан ойып тұрып орын алған кез — екінші курс. Ол кезде 18 жастамын, облыстың иықтылары мен қалпақтылары жиналған үлкен кеш жасадым. Мен ол кезде тек студенттердің алдында өлең оқимын деп ойлаған едім. Шымылдықтың артынан басымды шығарып қарасам, алдыңғы қатарда қасқайып Серік Ақсұңқарұлы, Сейіл Аяған, кіл қаймақтар отыр. 18 жастағы баламын. Тізем дірілдеп, қатты қобалжыдым. Оларды көрмегем, тіпті қолдарын алып амандаспағанмын да. Сол кезде маған, жалпы әдебиетке қадам басқан жастарға қолдау көрсетуге әрқашан дайын жанашыр ағам, үлкен еңбекқор жазушы Алмас Мырзахмет келіп иығымнан құшақтап, қобалжыма деп күш берген еді. Сол кеште Серік Ақсұңқарұлының айтқан мына сөздері есімнен кетпейді:

«Қызыларайдан мен тудым, менен кейін осы бала келе жатыр» — деді ол.

Бұл 18 жастағы бала үшін, ортаға енді сіңіп, өлеңнің, поэзияның не екенін, бір тамшысының тамшысын біліп, енді-енді қанат қағып келе жатқан кішкентай бүлдіршінге үлкен абырой. Өсуіме де үлкен қолдау болды. Соңғы екі жылым да сол ізбен кетті. Филология факультетінің оқытушылары өлеңді, ақындықты өте жақсы түсінетін. Мені де барынша түсініп, ыңғайыма қарай маған керек атмосфераны жасап берді. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз.

— Өмірлік мақсат, мұратыңыз қандай? Болашағыңызды қалай елестетесіз?

— Болашағым —өлең. Өлеңнен басқа ештеңе істей алмаймын, өлеңнен басқа не істерімді білмеймін. Қайда қарасам да өлең. Құдай сақтасын, бірақ, егер де Құдай менен бір күнде өлеңді алып қойса, мен не істеймін? Онда барлығы бітті, өмірде ешқандай мақсат жоқ, арман жоқ. Өмірді арман-мақсатсыз сүру деген – үлкен трагедия. Боқтың қабы болмас үшін алдыда арман, мақсат болуы керек. Ең бастысы, адам сағыну керек. Сағынбаса, сүймесе – тас мүсін.

— Неден қорқасыз?

— Менің өмірде қорқатыным – адамның көз жасы. Адамның көз жасы түгілі, адамның алдынан жәй бір ала мысықтай жолын кесіп өтсең де бір аптадан аспайды, алдыңа қайтадан келеді. Соны ұғындым. Өмірімде ондай жағдайлардың орын алған кездері болды. Өтірік айтқан, бір адамды қапы қалдырған кездерім менің алдыма қайтып келіп отырды. Қайтып келгенде де үлкен соққысымен келді. Бір үміттеніп отырған нәрсем болмай қалады. Келеді-ау деп отырған адамым келмей қалады. Қосылам-ау деп отырған сүйгеніммен қосылмай қаламын. Өмір өз ісіме солай өз жауабын беріп отырды.

— Осы кезге дейін өмірден көрген-түйгендеріңізді қорытып, оқырмандарға айтарыңыз бар ма? Өмірден не алдыңыз?

— Бір адамдарды қатты сағынамын, сүйемін. Есіңнен айырылып сүй! Түндерде ұйықтай алмайтындай сүй!

Сөзімнен іздеп, дертінің еміп дәруін,
Көзімен іздеп жоғалған күннің жарығын,
Түндерде ойлап, от болып жанып өтердей,
Мені де біреу сағынса деймін, Тәңірім!

Сені сағынатындай өмір сүр. Бір адам жабықса, сырласқысы келсе, сені іздейтіндей, сенімен серуендегісі келетіндей, саған сенетіндей өмір сүру керек. Сөзіңде тұруың керек.

— Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

ДИЯНА САҒЫМБЕК,
Қарағанды университетінің студенті