Мақтан тұтар түлектер

Мақтан тұтар түлектер

Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі PR және медиа-коммуникациялар бөлімінің басшысы, Қарағанды университетінің түлегі Айгерім Мұхаметқызы Аязбаева Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен Zhasproject жобасына қатысып, 1 000 000 теңгенің грант иегері атанды.

14-29 жас аралығындағы жастар қатысқан аталған жоба барысында негізгі басымдық оқымайтын және жұмыс істемейтін, бірақ табысы төмен жастарға берілгенін атап өту керек. Жалпы саны 3 мыңнан астам қатысушы ұсынған 646 жобаның арасынан 155-і іріктілеп алынды. Ағымдағы жылы филология факультетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған түлегіміз Айгерім Мұхаметқызы: «Жобаның мақсаты — жастарды қоғамдық өмірге тарту, олардың көшбасшылық, кәсіпкерлік қырларын ашу. Менің ұсынған жобам — аутизм диагнозы бар балаларға арналған LEGOтерапия. Яғни барлық әлемге әйгілі лего ойыншығы арқылы балалардың танымдық әрекеттерге қабілеттілігін арттыру, қарапайым өмір салтына бейімдеу. Жоба барысында 20 баланы 5 айдың көлемінде тегін оқытамыз. Бүгінгі күні елімізде аутизм диагнозы бар балалардың саны өте көп. Мұндай сынаққа тап болған ата-аналар аутизм — ешқашан емделмейтін ауру деп есептейді. Шын мәнісінде олай емес. Бұл диагноздан 80-90 % жазылып, барлық адамдармен тең дәрежеде өмір сүруге толық мүмкіндік бар. Тек баланы жүйелі түрде дамыту керек. Заман дамыған сайын түрлі тәсілдер, техникалар да табылып жатыр. Соның бірі аутизм диагнозы бар балаларды емдеуге көмектесетін АВА және Лего терапия деген емдеу тәсілдері бар. Біздің елімізде бұл терапияны пайдаланатын санаулы орталық бар. Қарағанды қаласында да болған, бірақ алдынғы жылы жабылып қалды. Осындай ерекше балаларды дамытуға көмектескім келеді. Оларға үміт сыйлағым келеді. Дәл леготерапияны таңдаған себебім — лего ойыншығын барлық балалар біледі, әр балада ол бар. Сол қарапайым ғана ойыншық арқылы баланың шыдамдылығын, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға болады. Мысалы лего ойынында түрлі мамандықтың ойыншықтары бар. Көшбасшылық қасиеті бар бала құрылыс бригадирі болып, дәрігерлікке қызығушылығы бар бала дәрігер рөлінде ойнап, өзінің өмірлік қасиеттерін дамыта алады. Бұл әдістер нақты дәлелденген», — дейді.

Ағымдағы жылы физика-техникалық факультетінің түлегі Перизат Жаңбырбаева «ТМД елдерінің үздік студенті — 2020» жобасына қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Университеттің атын асқақтатып, мақтанышына айналған алғыр қызымыздың студенттік өмірі жетістікке толы. 2018 жылы «Мен Астананың құрдасымын!» атты танымдық сайысында жүлделі бірінші орынды иеленіп, сол жылы «Қазақстандық трансформация үлгісі: әлеуметтік-саяси контексті» байқауының лауреаты атанды. 2019 жылы «Jastar jyly»-на арналған VI Халықаралық «Жастар және ғылым – 2019» ғылыми-практикалық конференциясында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы жылы «Физика» пәнінен республикалық олимпиада І орын иеленді. 2019 жылы республикалық «Үздік студент – 2019» байқауында топ жарған. Есімі «Жас қыран» республикалық талантты студенттердің ІІІ кітап-жинағына енген.

Перизат Амангелдіқызы: «Бұл байқау туралы «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшаларынан көрдім. Ата-анамның, ұстаздарымның қолдауымен ТМД елдерінің студенттері арасында бағымды сынадым. Жас ғалымдардың үздік жобаларын анықтап, студенттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту – байқаудың негізгі мақсаты. Жоба қорытындысы әрбір қатысушының электрондық поштасына жіберілді. Ұйымдастырушылардың байқаудың жеңімпазы атандыңыз деген сүйінші хатын оқыған сәтте қуанышымда шек болмады. Осының барлығы үшін әуелі Алла, одан кейін әрдайым қолдау танытып, сенім артқан ата-анама, ұстаздарыма, білім ордама алғысымды білдіремін», — дейді. Бүгінде түлегіміз Бұқар жырау ауданына қарасты Жастар ресурстық орталығының маманы болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, аудан бойынша «Birgemiz bilim» бағытына жетекшілік етіп жүр.

Қарағанды университетінің баспасөз қызметі