Спорт саңлағы өз білім ордасында

Спорт саңлағы өз білім ордасында

Аты ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде танылған саңлақ спортшы, бүгінде ел мүддесіне қызмет етіп жүрген түлегіміз Серік Жұманғалиұлы Сәпиев спорт саласында жүрген бір топ кіл мықтылармен бірге қасиетті жұма күні Қарағанды университетіне арнайы ат басын бұрды. Серік Жұмағалиұлы киелі қарашаңырақтағы кездесуді университет мұражайын аралаудан бастады. Білім ордасының тарихымен кеңінен танысып, Құрмет кітабына жылы лебіз білдіріп, өз қолтаңбасын қалдырды.

Іссапар барысында Серік Сәпиевпен бірге Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Серікбайұлы Абылаев, Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының басшысы Ерден Балтабайұлы Халилин, 2004 жылғы Афинада өткен олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтың қабылдауында болып, жаңа басшының қызметіне табыс тіледі. Кездесуде білім ордасының өткені, бүгіні мен болашағы турасында әңгіме қозғап, ой бөлісті.

Қонақтар танымал боксшының студенттік шағының қызықты күндері өткен дене мәдениеті және спорт факультетіне барып, профессорлық-оқытушылар құрамымен, болашағынан зор үміт күттіретін спортшы жастармен емен-жарқын әңгімелесті. Факультеттің спорт залдарын аралап, жаттығу барысына куә болды. Былғары қолғап киіп, шаршы алаңда жаттығып жүрген жасөспірімдермен жүздескен Серік Жұманғалиұлы болашақ былғары қолғап шеберлерінің дайындығына шынымен қызығушылық танытып, түрлі әдіс-тәсілдер қолданып, жас өрендермен қолғап түйістірді. Кездесуде арқа-жарқа болып қуанған көпшілік спорт майталмандарымен естелік фотоға түсті. Серік Сәпиев сөз сөйлеп, өзімен жүздесуге уақытын бөліп отырған университет ұжымына зор алғысын білдірді.

Кездесу барысында университет ректоры Серік Сәпиевке алғысын білдіріп, бүгінде білім ордасының мерейін үстем етіп, жеңістің туын желбіретіп жүрген Никита Амоскин, Талғат Сырымбетов, Роман Лукин, Любовь Ковальчук сынды студенттеріміздің қатарын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамытуға баса назар аудару біздің басты мақсатымыз болуы тиіс деді. Қоғам үшін де, мемлекет үшін де, адамның өзі үшін де спорт саласын дамытудың маңызы зор. Жоғары спорттық көрсеткіштері бар дарынды студенттерді қолдау бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әлемдік аренадағы спорттық жеңістердің маңыздылығын түсіне отырып, саңлақ спортшыларға қолдау танытылмақ. Соның бір жарқын көрінісі – осы оқу жылында Қарағанды университеті ректорының гранты 2021 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына баруға лицензия алған Абылайхан Жүсіповке берілді.

Былғары қолғап шебері, 2005 және 2007 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы олимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2012 жылғы Вэл Баркер кубогының иегері Серік Жұмағалиұлының жетістікке толы өмір жолы көпке үлгі. Кездесу кезінде аз-кем ой-пікір бөлісудің сәті түсті.

— Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді. Міне, мен ұлы тұлғаның осы сөзін өмірлік қағидам ретінде ұстанамын. Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне, оның ішінде дене мәдениеті және спорт факультетіне өз қалауыммен оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп шыңдалдым, тәжірибе жинақтадым. Студент кезімде өзімді жан-жақты дамытуға ұмтылдым. Гимнастика, жеңіл атлетика, футбол, волейбол сынды спорттың әр түрінің шеберліктерін игердім. Ал менің боксқа баруыма әкем тікелей себепші болды.

Біздің түлек алдына мақсат қойды және оған қол жеткізді. Бокс сайыпқыраны шаршы алаңда алдына жан салмай, әлемдік бокс тарихында орасан зор жетістіктерге жетті.

Баспасөз қызметі