Жүрек қалаған мамандық

Жүрек қалаған мамандық

Кіндік қаным тамған жер — талай талантты түлеткен сағым ойнаған сайын дала, жонында киік жосылған, желінде қобыз күмбірлеген Жаңаарқа ауданының Қараағаш ауылы. Арқаның талай бөктері, ақселеуі желмен теңіздей толқыған ұлан-ғайыр жазықтықтың кішкентай ғана ауылында дүниеге келген мен қалаға алғаш 2016 жылдың жаз айында келдім.

Сізге мәлім, маған беймәлім қаланың тыныс-тіршілігіне етене сіңісіп кету қыр қызы маған оңай болған жоқ. Уыздай уылжыған 16 жасымда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Оқуға түсе салып, бір жайтты түсіндім. Топтағы студенттермен, куратормен, пән мұғалімдерімен, тағысын-тағы, осының бәрімен танысу барысында ой түйдім. Ол ой – мамандық таңдаудан қателесіппін ғой деген ой болды. Себебі, ауылда жүргенде биология-химия пәнін таңдап, осы салаға бет бұрамын деген едім. Биология ғылым саласы, ішінара ғалым боласың, болмаса педагогикадан қос білім алып мұғалім бола аласың. Жә, маған бұл ақпараттар оқуға тапсырарда аса қатты әсерін берген жоқ. Ілкіде айтып өткенімдей, дала қызына бәрі таңсық қой! Үлкен оқу ордасын көргенде басты мақсат оқуға түсу ғана болды. Бірақ, іштегі бала арман мен жан қалауы тыныштық берсін бе?! Мен буыным қатпаған, самайымнан қаланың өзгеше самал желі енді соққан, мамандық таңдауда тұщымды ой жүгіртпеген кезде осы биология саласына оқуға түстім. Дегенмен де іштей журналист болуды, теледидарда жүруді қатты армандайтынмын. Әншілік қырым да бар еді. Бірақ, үйде әкем қарсы болды. Өнер жолына барынша жолатпауға тырысты.

Кейін оқу басталды. Буынып-түйініп оқу ордама келдім. 23 бала бір топқа топ ете қалдық. Дәстүр бойынша танысу, білісу өтті. Сабақ та басталып кетті. Өйістіп жүріп ортаға сіңісіп кеттім. Бірақ, биология саласына сол күйі жатсына қарадым. Іштей күйзеліп те жүрдім. Күз айы болатын. Жалпы университет арасында сайыстар легі көбейе түсті. Бойымда өнерім бар мына мен үнсіз қаламын ба, биология факультетінен оқ бойы оза шығып сайыстың бәріне қатыстым. Екі айда өнеріммен көпшіліктің көзіне түсіп, содан топтастарым, жоғары курс қана емес, барлық факультет мені жақсы көріп кетті. Сабақпен қоса, спортты да қатар алып жүрдім. Өзім сүйіп көретін джиу-джитсумен айналыстым. Тренировкаға үй ішіне айтпай барып келіп жүрдім. Қатты ұнайтын. Бірақ, көңілім сонда да тыныштық таппады. Сол кездері филология факультеті ұйымдастырып жатқан шығармашылық байқаудың бәріне қатысатынмын. Бір байқауға филология факультетінің атынан қатыстым. Бас жүлдені қанжығаладым. Филология факультетінде ондай студент жоқ. Содан мен шындықты айттым. Осылай өзімді ыңғайсыз жағдайға қалдырған едім. Сол жолы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Rixos» қонақ үйі мен Назарбаев Университетіне 2 күнге жолдама ұтып алдым. Қонақ үйге қарама-қарсы «Қазмедиа орталығы» орналасқан екен. Сол күні осы ғимаратта мен де жұмыс істейтін күн туады деп алдыма үлкен мақсат қойдым, мақсатыма ұмтылдым. Қазір сол сөзім шындыққа айналып, мен сол орталықта жұмыс істеп жатырмын. Жә, өткенге қайта оралайын, екі күннен соң қалама қайттым. Осы сапардан кейін бірден ауысуға шешім қабылдадым. Қысқы демалыста ауылға барғанда оқуың қалай деген ата-анамның сұрағына бірден «ұнамайды» деп қатқыл жауап қайтардым. Журналистика мамандығына ауысқым келетінін, биологиядан мүлдем өзімді көрмейтінімді жеткіздім. Әкем мен анам түсінгендей кейіп танытып үнсіз қалды. Менің де ойымда ештене жоқ, екі-үш күн өтіп кеткен соң әкем шақырды. «Айналайын, журналист болам дейсің. Жә, боларсың. Ауыстырамын. Ақшасын да бірдеңе қып төлерміз шешең екеуміз. Бірақ, мені бір ой мазалайды. Сен соны алып кете алар ма екенсің? Журналистика сен ойлағандай теледидарға шығып алып ақпаратты келсін-келмесін мына біз сияқты

қарапайым халыққа айтып беру емес. Сен бүкіл елдің барын айтып, жоғын мінбердегілерге сөз құдіретімен жеткізетін адам боласың. Оның үстіне қыз баласың. Кезіккен есікті қағып, қаймағын жинай алар ма екенсің, ә? Оның үстіне қыз баласысың!» — деп көзіме тік қарап, сөз сенде дегендей қылды. Мен ойланбастан: «Көке, (әкемді көке деймін) мен ертең оқу бітірген соң алған қағазыммен сенімді барып есігін қағатын ғимараттың болғанын қалаймын. Ал журналистикаға ауыссам, онда бұл жағынан еш шүбәм жоқ. Ауысамын», — дедім. Әкем мақұлдады. Анам қайтсін, көнді. Солай 2018 жылдың қаңтар айында журналистика мамандығының студенті атандым. Жаңа орта. Жаңа топ. Жаңа аудитория. Сабаққа қызығушылығым бірден оянды. Оқытушыларымның дәрістері құлағыма майдай жағып, тыңдай бергім келді. Өзі қалаған мамандық болғандықтан ұстаздар қауымымен, студенттермен тез тіл табысып кеттім. Енді бар күшімді оқуға арнайтыныма бек сенімді болдым. Бойыма қанат біткендей. Журналистика ілімінің қыр-сырын түсінген сайын осы мамандыққа деген құштарлығым одан әрі арта түсті. Ой қозғап, сол ойды ортаға тастап, мәселе көтеру, дер уағында ақпарат беру журналистің басты жұмыс бағдары екенін ұқтым. Әдет қалмайды дейді ғой. Бұл факультетте де барынша қоғамдық іс-шаралар мен ғылыми жұмыстарға қатысып жүрдім. Сәйкесінше жеңістен де ада қалмадым. 2 курста Павлодар қаласында журналистика мамандығы бойынша өткен ХІ Республикалық конкурсқа университет атынан қатысу бақыты бұйырды. Бұл жаңадан келген студент үшін үлкен жетістік еді. Абырой болып, 17 ЖОО-ы қатысқан конкурста 3 орынды иеленіп қайттым. Дәл сол жылы тарих саласынан үлкен ғылыми жобаға қатыстым. Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген байқауда ғылыми жобам үздік 10 жобаның тізіміне еніп, Германиядағы конференцияда оқылуы керек болды. Бірақ, мен ол елге барудан бас тарттым. Жобаны тек ағылшын тілінде қорғап шығу керек деген талап қойылды, мен еріксіз түрде бас тарттым. Менің орныма қазақстандық профессор авторлық құқығымды сақтай отырып қорғап шықты. Солай 18 жасымда алғашқы гонорарымды алдым. Сол жылы ағылшын курсына жазылдым. Осындай қызық сәттерге толы студенттік өмірімде мен 50-ден астам байқауға қатысыппын. Сондай-ақ, осы тұста саған бір сырыммен бөлісейін, оқырман жолдас! Ауыл баласына таныс жайт, орыс тілі біз үшін өз алдына шет тілі. Ол кемшін тұсым бастапқыда қатысқан конкурстарыма да өз кедергісін тигізді. Бірақ, мен сынбадым. Білімнің шыңы – сан қырлылық және көп тіл білу. Сондықтан да барлығын төменнен бастадым, ағылшын тілінен бұрын орыс тілін үйрендім. Көп уақыт кетті. Бірақ, өз нәтижесін берді.

Санаулы күндерден кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, қолыма өзім қалаған мамандықтың дипломын аламын. Қазір ҚазМедиа орталығында тәжірибемді жинақтап, Ұлттық арнада еңбек етіп жүрмін. Алдағы армандарымның бірі — Түркия елінде білім алу. Құрметті оқырман! Студент! Бітіруші түлек! Білек күшіңмен емес, біліміңмен сынға түс. Осы ретте, біз ғана бір ғана бағытта күш жұмылдырсақ, еліміздің көркеюіне өз септігімізді тигіземіз. Ол бағыт – болашақ!

Ақмаржан ҒАФИЗҚЫЗЫ, журналистика бөлімінің 4 курс студенті