Тәуелсіз ел Конституциясының тұғыры және Барлыбек Сыртанов

Тәуелсіз ел Конституциясының тұғыры және Барлыбек Сыртанов

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басы отандық тарихтың алтын беттерінің жылнамасының бастауы болатыны сөзсіз. Өйткені Ресей құрамына енген сонау ХVІІІ ғасырдан басталып, өз тәуелсіздігінен айырылған қазақ елінің алтын ғасыры 1991 жылдан басталды. 186 жыл Ресей империясының құрамында ұлттық мемлекетінен, елін басқарудан айырылып жүрген зар заманында зар жылаған қазақ 1917 жылдың қазанынан бастап большевиктер құрған Кеңестік тоталитарлық жүйеден жігері құм болып, «Мой адрес не дом и не улица, Мой адрес Советский Союз» деген өлеңді айтып, мәңгүрттене бастаған еді. Алайда, қазақ халқы жаратылысынан рухы жоғары көне түрік ұрпағы — большевиктер ұйымдастырған «Қызыл қырғында» жойылып кетпеді. Тәуелсіздік жолында 300-ден астам азаттық көтеріліске шықты. Қазақтың жақсы мен жайсаңдары, хандары мен батырлары өз халқының тәуелсіздігін, елдігін қалпына келтіру жолында жан қиярлық ерліктерге барды.

Мақаланың мақсаты — қазақтың дәстүрлі құқық нормаларының ел тарихымен үндесіп, сабақтасқанын, жетілдіріп заңдар жазған Алаш азаматының рөлін бүгінгі Ата заңымызда жалғасын тапқанын көрсету.

Азаттық жолындағы сол күрестерде қадірлі ханымыздың басын басқаның қарақшылары алды, батырымыздың басы отаршыл жендеттің қанжығасында кетті. Осындай азап пен қорлықтың бәрін басынан кешірген қазақ халқы 1991 жылы Азаттыққа, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы аталып, елімізді бүкіл әлем таныды. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Осындай ел болудың түп тамыры тереңде. Қазіргі кезеңдегі заңдардың сабақтастығы дәстүрлі құқықтан басталып, халықтың өмір өткелдерінде жалғасып, жетілді. Қазақ елінің дәстүрлі құқығы ауыз әдебиетінде айтылып, мемлекет басқару ісінде қолданыста болғаны жайлы тарихи жазба деректерінде қалған.

Ежелгі антикалық мемлекеттермен Ұлы Даланың скиф, сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі мемлекеттері саяси қарым-қатынаста болды, оларды реттейтін Дала заңы болды. Сол мемлекеттің мұрагері болып тарих сахнасына шыққан қазақ хандығы да дәстүр-салтқа негізделген заң ережелерімен ел басқарып, көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасады.

Ал бүгінде кешегі отаршылдықтан зардап шеккен қазақ елі ордалы жерде орнын алып, олжалы жерде олжадан құр қалмайтын іргелі елге айналды. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында қазақ зиялыларының тарихын жазу ісі ресми саясатқа тікелей тәуелді болып, соған сай өзгеріп отырды. Ал бүгін Қазақстан өз мемлекеттік дербестігін алғаннан бергі уақытта қазақ демократиялық интеллигенциясы қазақ еліне өркениетті қоғамдық даму бағдарламасын ұсынғанын, соған арнап заңнамалық құжаттарды жазғандығын білу мүмкіндігі туды.

Бүгінгі парламентте шығарылатын заңдар, оның әділдігін айтып талдайтын депутаттар ісін қазақ қоғамында билер атқарды. Билер үкім айту және мемлекеттік билікке араласып ел мүддесі, Отан қорғау, ел мен елдің арасындағы дипломатиялық істерді атқарды. Әдет-ғұрыптар хандықтың қоғамдық қатынастарын реттеген саяси күш болған, себебі философиялық мәні өте кең, шешендік нақыл сөздермен айтылған (оны айта білген би-шешендер) – терең ойлы тәрбиелік мәні бар сөздер заң ережесіне айналған. Мысалы: «Қара қылды қақ жару», «Әділ билік – алтын таразы», «Тура биде туған жоқ», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді», «Ерден кетсе де елден кетпейді». Осы аталы сөздер де қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтардың концепциясын көрсетеді. Ал бүгінде біздің санамызда орын алған «Әдет-ғұрып», «Ата-баба салты», «Жол-жоба», «Жол-жоралғы», «Ескі әдет» деген ұғымдар мемлекет пен қоғам мүшесі арасындағы құқық талаптарын реттеудегі заңдылықтар бар екенін көрсетеді.

Б. Сыртанов сол заңдылықтарды терең білген. Ол ХХ ғасырдың басындағы ірі қазақ зиялыларымен жақын араласқан. Тумысынан дарынды адамға студенттік ортаның үлкен ықпалы болды. Өйткені замандастары Бақытжан Қаратаев, Райымжан Марсеков, Жиһанша Сейдалин, жол көрсетуші аға-буын өкілі Алаштың Әлиханы сынды ұлттың болашағын ойлап, өмірлерінің соңына дейін қазаққа қызмет еткен замандастары оған өмір мектебі болды.

Б. Сыртанов Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін бітірген. Кәсіби тарихшы емес, алайда оның жазып қалдырған мұраларынан оны тарихшы, заңгер, жер жағдайын білетін агроном, даланың әр гүлі мен шөптерінің дәрілік қасиетін білген дәрігер, бір сөзбен айтқанда, әмбебап ғалым болғаны оның мұраларынан көрінеді.

Қазақ даласындағы Ресей патшалығының жүргізіп отырған саясатының түпкі мақсатын, оның салдарын терең түсінген саясаткер. Б. Сыртановтың ХХ ғасырдың басында қазақ өлкесінде басталған ұлт-азаттық күрестің негізгі талаптары жер, тіл, дін, оқу-ағарту, тәуелсіз ел болу екенін терең түсінгендігі және ел ішіндегі тозығы жеткен дәстүрдің зардаптары, тағы басқа саяси-әлеуметтік, ұлттық мәселелерді терең түсініп, оны шешу жолдарындағы іс-әрекеттерін сол кездегі мерзімді басылымдарда жазған мақалаларынан көруге болады.

Бірінші орыс революциясынан кейінгі уақытта қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты жалпы қазақ съезін шақырып, отарлық саясаттың әлеуметтік, рухани өмірге тигізген кері әсерін, ел болашағы туралы мәселелерді талқылауды қолдағандар қатарында ол да болды. Оның «Жерді қорғау» деген мақаласында Жетісу жеріндегі патша үкіметінің жүргізіп отырған халықтың жағдайын айтып, талқылап, пікірлесу үшін съезд шақырудың қажеттігі айтылады. Қазақ халқының өміріндегі жер, құқық, сайлау, дін сияқты өзекті мәселелерді съезде талқылауды ұсынды.

Б. Сыртанов қазақ халқының болашақ тәуелсіз мемлекетінің болғанын көздеп,1905 жылы «Қарқаралы петициясында» жазылған ұлттық мүдделерден басқа Қазақстанның саяси билігі өзінде бар ел болуын ойлайды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақ Елінің Уставын (Конституциясын Б. Н. А.) жазды. Яғни ол бірінші рет қазақ елінің тәуелсіздігі тек «Қарқаралы петициясының» көлемінде ғана емес, заңдық тұрғыда болуының жобасын жасады. Біздің түсінігімізше елінің Конституциясы деп аталған құжат 28 баптан тұрады. Конституцияның өн бойында өтетін негізгі идея — ол Тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Барлыбек Сыртанов бүкіл түркі тілдес халықтарға есімі әйгілі болып, тәуелсіздікке жетудің жолдарын іздеп, тарихи мәнді еңбек жазып қалдырды. Б. Сыртанов ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген зиялылар арасында замандастарының оның артықшылықтары туралы айтқандарын көзі тірісінде естіген, замандастары мойындаған Ұлы Даланың бірегей тұлғаларының бірі. Ол ХХ ғасырдың басында оқыған қазақ азаматтарының ішіндегі ең білімдісі, беделдісі, білгір заңгер халқының болашағы үшін еңбек жасады.

Мерзімді басылым беттерінде Б. Сыртанов көшпелі қазақ елінде патшалықтың жүргізіп отырған отаршылдық саясатының салдары жайлы ой-пікірін білдіріп отырды. 1905 жылғы бірінші орыс буржуазиялық революцияның ықпалымен Ресей империясының отар аймағы қазақ жерінде басталған демократиялық қозғалыстың ұлттық мәселені шешуге бағытталуында Б. Сыртановтың еңбегі бар. Жетісу жеріндегі қазақтардың құқығын қорғау ісін жүзеге асыруда үлкен еңбек жасаған тұлға. Оның ұлт үшін атқарған ерен еңбегінің бірі – Ресей отары болған қазақ жерін (Алматы облысының Қытаймен шектескен), шекара мәселесін белгілеп, картаға түсіруі болды.

Алаштың зиялысы Барлыбек Сыртанов бүгінгі күн тұрғысынан баға беру үшін оның артында қалған мұраларының бірі — «Қазақ елінің Уставы» деп аталатын еңбегін тандауды дұрыс деп таптық. Барлыбек Сыртановтың «Ынтымақ Ережесі», «Қазақ елінің Уставы» деген еңбектерінде қазақтың дәстүрлі құқықтарын негізге алып жазғандығы байқалады. Қазіргі Ата заң терминдік сөзінің баламасы қазақ қоғамында қолданған «Жарғы, әділдік» деген ұғымды білдірсе, ал Барлыбек Сыртановтың «Ынтымақ Ережесі», «Қазақ елінің Уставы» сол атаулармен теңдей екендігін білдіреді.

Қазақ қоғамында даму сатысына қарай салт-дәстүр, жол-жора, салт-сана, үкім, ережелер нормативтік мәнге ие болды. Оларды ХХ ғасыр басында Барлыбек Сыртанов сияқты азаматтар жалғастырды.

Тәуелсіздігінен айырылған Ұлы Дала елінде өмір сүрген қазақтың өз заңы болған, ол Барлыбек Сыртановтың еңбегінде өз жалғасын тапқан. Ал Барлыбек Сыртановтың жазған еңбегінің негізінде тек қана Даланың дәстүрлі құқығы ғана емес, соның жалғасы болып саналатын атақты азаттықтың алғашқы манифесі — «Қарқаралы петициясының» негізгі ойлары да алынған.

Б. Сыртановтың Уставында «Қазақ жері халықтың меншігінде болады. Қазақ елінің жері саудаға түспейді». Яғни Б. Сыртанов дайындаған тарихи еңбекте жер мәселесі қазақ ұлтының мүддесіне қарай шешілуі керектігі айтылады. Жер мемлекеттің билігінде болу керек. Қазақстан Республикасының Конституциясында жердің иесі халық деп көрсетілсе, жер байлығы халықтікі деп саналса, Б. Сыртановтын Уставының 19 бабында жердің бар байлығы қазақ халқының иесінде делінген. ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, ұлтының болашағына жер мәселесінің маңызды екендігін түсінген тұлғаның арманы ХХІ ғасырда өз шешімін тапты. Сол қазақ халқы үшін өте маңызды жер мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген тарихи тұлға Барлыбек Сыртанов болғандығын құжаттардан көреміз. Стратегиялық маңызы бар жерлер қазіргі Қазақстан заңдары бойынша жеке меншікке беруге тыйым салынған. (ҚР Конституциясының І бөлім, 6-тың І-2 тармағы). Осы мәселе Б. Сыртановтың Уставында ұлттық мүдде тұрғысында қорғалып, жерді сатуға болмайды деп көрсетілген.

Тарихымызда халқымыздың азаттығы үшін белсенді күрескен (қазақ халқы үшін арнайы Конституция жазуда күрестің бір түрі), алайда тарихи деректердің жетіліксіздігінен аймақтық қайраткерлер деңгейінде қалып қойған тарихи тұлғалар да бар. Тарихымызды қайта қарауда және толықтыруда сондай тұлғалардың қаһармандық қызметін ашып көрсету аса маңызды әрі өте қажет. Азаттық күрестің тарихы сонда ғана толық ашылады. Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында ұлы тұлға Әлиханның қазақ елі үшін атқарған қызметі, оның серіктестерінің бірегейі Б. Сыртановтың азаттық алу жолындағы қызметін зерделеген кезде толық ашыла түседі. Өйткені Барлыбек Сыртанов пен Әлихан Бөкейханов Алаш қозғалысындағы ірі тұлғалар.

Б. Сыртановтың еңбегіне талдау жасауға талпынған осы мақала бүгінгі ұрпақтың тарихи дүниетанымын кеңейтуге, тарихи білімін толықтыра түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Барлыбек Сыртановтың тарихи көзқарасы қазақ ұлтының мүддесімен үйлескендігі оның осы Конституциясында көрініп тұр. Оның озық елдердің бірі — сол кездегі Франция Конституциясының мазмұнымен жете таныс болғаны анық, өйткені көптеген идеялары ұқсас. Алайда, біздің ойымызша, ол өзінің Уставын (конституциясын) Франция Конституциясының негізінде емес, Ұлы Даланың демократиялық заңдарын терең біліп, қазақтардың шынайы өміріндегі заңдарды талдап, соларға сүйене отырып жазғаны даусыз.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры