Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында орын алған зобалаңға толы тақсіретті жылдар – тарихымыздың беттерінде ақтаңдақ болып қалды. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде қазақтың маңдайалды азаматтары солақай саясаттың құрбанына айналды. Жалған жала жабылып, қудаланды, абақтыға қамалды, ату жазасына кесілді. Зиялы қауым өкілдері құрбан болып, қазақ руханияты репрессияға ұшырады.

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады. Президент өз сөзінде: «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды», — дей келе, 31 мамыр ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырап, атамекенін тастап кетуге мәжбүр болғандарды да еске алатын күн екендігін атап өтті. Бұл зобалаңның да қасіретін 3 миллионға жуық адам тартқан. Мемлекет басшысы бүгінгі күнге дейін де тарихтың қасіретті кезеңін еске алатын күн мемлекеттік деңгейде аталып өтіп келе жатқанын айта келе, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылады деп атап айтты. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», — деп Президент үндеуге түйін жасады.

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті де бұл атаулы күнді жылда кең көлемде атап өтеді. ҚарМУ жанынан ашылған «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы ұлт зиялыларының өмірінен сыр шертетін тарихи-танымдық басқосулар өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Жастар ісі жөніндегі комитет пен факультеттер ішінде де түрлі шаралар ұйымдастыру қолға алынған. Біз тарихқа тағзым ете отырып, болашаққа қадам басамыз

Е. М. ТАЖБАЕВ,
академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры м. а. профессор