Құрметті білім алушылар, қадірлі оқытушылар, ардақты ата-аналар!

Құрметті білім алушылар, қадірлі оқытушылар, ардақты ата-аналар!

Университет ұжымы Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтайды! Бүгінгі күн сіздер үшін ерекше. Жаңа өмірге қадам басып отырсыздар, бұл өмірлеріңіздегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Сіздерді, біздің академиялық ынтымақтастықтың жаңа мүшелерін – жас, жігерлі, талантты, Қазақстанның болашақ кәсіби және саяси элитасын білім ордасының қабырғасында көргеніме өте қуаныштымын! Мен бұл қара шаңыраққа жаңадан басшы болып келіп жатсам да, осы жоғары оқу орнының дамуына, осы жолда Елбасы мен мемлекет басшысы қойған барлық міндеттерді орындауға бар күш-жүгерімді саламын деп уәде беремін.

Осы жылы біздің оқу ордамызды 3500-ден аса білім алушы таңдады. Оның ішінде тең жартысы білім грантын иеленіп отыр. Бүгінгі таңда университетімізде 12 мыңнан астам білім алушымыз оқиды. Оларға 1000 жуық профессорлық-оқытушылар құрамы сабақ береді, оның ішінде 300-дей ғылым докторы мен ғылым кандидаты және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие 172 оқытушы бар.

Қымбатты білім алушылар! Біздің университет қай кезде де ғылым мен ағартушылықтың, қоғамның рухани өмірінің басты бағыты болып қала бермек. Оқу ордасында сіздер сапалы білім алып, мәдени іс-шараларға етене араласып, азаматтық белсенділіктеріңізді көрсетуге мүмкіндік аласыздар. Сіздер еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары қатарындағы білім ордасы ұсынатын осындай артықшылықтарды бағалайды деп сенім артамын. Қазіргі сәттен бастап сіздер күнделікті жүйелі жұмысқа, таңдаған мамандығыңыз бойынша білімді тұрақты игеруге, тіл үйренуге, қоғамдық өмірге араласып, ғылыми және мәдени жобаларға белсенді қатысуға ұмтылуыңыз керек. Өйткені, бұл ұмтылыстар сіздің болашақ жетістігіңіздің негізін қалайды!

Университет ұжымы сіздерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етеді. Біз сіздерді әрқашан қолдап, жеңістеріңіз бен жетістіктеріңізді мақтан етеміз.

Қарағанды университетінде оқыған жылдарыңыз жасампаз еңбекке, білімге деген құштарлыққа, академиялық жетістіктерге, мағыналы байланысқа, шабыттандыратын шығармашылыққа толы болсын!

Еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы, ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы, университетіміздің негізін қалаған ғұлама ғалым, қайталанбас тұлға Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 95 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатқан жаңа оқу жылы құтты болсын! Қадамдарыңыз сәтті болсын! Ақ жол!

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры ҚР ҰҒА кореспондент-мүшесі, з.ғ. д., профессор
Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы