Қазақстан Конституциясына — 25 жыл

Биыл Ұлы Далада мыңжылдықтардан бері ұлыстық, елдік дәстүрінің алтын тамыры бар Қазақ елінің мемлекеттілігінің қасиетті тұғыры Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл. Ширек ғасырлық мерейтойы болып отырған бұл мемлекеттік маңызы бар датаның еліміздің тарихы мен рухани өміріндегі шешуші тарихи мәні, батпандай саяси салмағы бар екенін мемлекетіміздің әр азаматы зор жауапкершілікпен түсінеді. Себебі, Тәуелсіздігіміз — ең басты құндылығымыз, ал оның тыныштығы мен береке байлығын орнықтыратын Ата Заңымыз. Конституция мемлекеттілігіміздің басты құқықтық нышаны болып саналады.

Конституция терминінің түп-төркіні – латынша «constitio» – құрылым деген сөзден шыққан. Қазіргі заманауи түсінік бойынша Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық заңдарға қатысы бар жоғары құқықтық-саяси күшке ие заңдар тобы. Еуропалық тарихнамада Конституцияның тарихын Англиядағы 1689 жылғы «Құқық туралы билль» және 1787 жылы Филадельфия штатында қабылданған Америка Құрама Штаттарының Конституциясынан бастайды. Ал отандық төл тарихнамамызда Ата Заңымыздың бастау қайнары сонау VI-VIІІ ғасырларда билік құрған Түрік Қағанаттары дәуірінен басталады. Осыдан 1300 жыл бұрын данагөй Тоныкөк, Күлтегін, Білге қағандарға арнап қойылған мәңгі тастардағы түрік бітіг жазулары мен ХІ ғасырдағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы өсиет заңдарында Ата Заңымыздың негізгі қағидалары жазылған. «Құтты білік» дастаны белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқарған. Шығармада ел басқарудың, экономиканы, əлеуметтік-тұрмыстық ахуалды, əскери істі ұйымдастыруды, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің əл-ауқатын жақсартудың жолдары суреткерлік-философиялық тілмен баяндалады. Дастанның басты идеясы – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. ХІІІ ғасырдың басында Ұлы қаған Шыңғыс ханның заманында мемлекетті басқару үшін барлық халыққа ортақ болып келетін жазбаша құқықтық нормалар мен заң ережелері жазылған. Көшпелі өмір тұрмысына сай келетін заңдар мен ережелер жинағын «Ұлы Жасақ» деп атаған. Тура мағынасы «қаулы», «заң» дегенді білдіреді Қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан бері келе жатқан тарихи жадысында ХІІІ ғасырда өмір сүрген үйсін руынан шыққан Майқы бидің Шыңғыс ханның «Ұлы Жасақ» заңдарын дайындауға қатысқаны туралы аңыздар сақталған. Сондықтан қазақтың құқығында «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген даналық сөз қалған. Ұлы Даланы мекендеген көшпелі ұлыс халқы «Ұлы Жасақ» заңдарын өздерінің құқықтық әдет-ғұрып нормаларына бейімдеп алады.

XV-XVIII ғасырлардағы тұңғыш ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығының заңдары «Жарғы» деп аталды. Қазақ халқының дүниетанымында «Жарғы» әділдік, бұра тартпай тура, дәл, әділін айту деген ұғым. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» деп аталған заңдары болды. Қазақ хандығы заңдарының түп-төркіні мыңжылдықтарды араға салған тарихи сабақтастық арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ежелгі дала заңының құқықтық-әлеуметтік тірегі болып саналатын халық дүниетанымындағы әдет-ғұрыптық ережелер мен салт-дәстүріміздегі аса берік тұғырына негізделген. ХVІІ ғасырдың аяғы – ХVІІІ ғасырдың басында дала заңдары жаңа заманға бейімделе отырып, елеулі өзгерістермен қайта толықтырылды. Тәуке ханның басшылығымен Ұлы билеріміз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің қатысуымен дүниеге келген заңдар жинағы «Жеті Жарғы» деген атпен кеңінен мәлім. «Жеті Жарғыға» сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық және құқықтық-саяси нормалары заң жүзінде баянды етіліп, әкімшілік, қылмыстық істер, азаматтық құқық нормалары, діни көзқарастар мен мемлекет қажетіне қарай жиналатын салық мөлшері туралы ережелер енгізілген. Сондықтан «Жеті Жарғы» қоғамдық-саяси өмірдің барлық жақтарын қамтыған заңдар жинағы ретінде ХVІІІ ғасырдың өн бойынан ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі қазақ халқының құқықтық қажеттілігі мен әдет-ғұрыптық нормаларының қажеттілігіне жауап берген – Ата Заңы Конституциясы болды. Шоқан Уәлиханов 1864 жылы жазған «Сот реформасы жайында хат» еңбегінде: «Біздің облыстағы қазақтардың қазірге дейін жүргізіліп отырған билер сотын мұқият қарап, аса зер салсақ та, біз ежелгі халық сотының үлгісіне қосылған ешқандай жаңалық, өзгеріс таба алмадық. Орыстың қырық жылдық ықпалына қарамастан жүз жылдан бұрынғы, бәлкім бізге дейінгі мың жыл бұрынғы қалпын сақтап қалған… Билер сотының пайдасына тағы бір тайға таңба басқандай айқын дерек келтірейік. Орыс жауапкері көптеген жағдайда орыс тергеу орнынан гөрі қазақ билерінің сотын артық көрген. Нақтылы дерек бойынша, биылғы жазда Көкшетауда осындай ондаған іс қаралды», — деген таңданыспен жазба қалдырған. Міне, осындай тарихи деректерден дала заңдарының тек әділдіктің туын көтергенін білеміз. Көне замандардан бері халық жадысы мен жазба деректер арқылы жеткен ата-бабаларымыздың заңдарын оқи келе, біз олардың құқықтық сауаттылығының аса жоғары болғанын байқаймыз. Мемлекетшілдік дәстүрге адал қазақ қоғамы тағдырдың тезіне қайыспай төтеп берді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанға, оның заманауи өркениетті мемлекет ретінде одан әрі дамуы үшін құқықтық іргетасы іспетті жаңа Конституция қажет болды. Осындан 25 жыл бұрын 1995 жылы 30 тамызда барлық Қазақстан Республикасының азаматтары бірегейлік пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыз үшін дауыс беріп: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституциямызды қабылдаймыз», — деп жаңа жасампаз тарихи дәуірге салтанатпен қадам жасады.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы кіріспеден, тоғыз бөлімнен және 98 баптан тұрады. Ата Заңымыздың мазмұны мен атқаратын міндеті нақты айқындалып жазылып, еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталды. Ең бастысы, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді.

Мемлекетшілдік пен ұлттық құндылығымыздың кепілі Конституцияның «Жалпы Ережелер» деп аталатын 1-ші бөлімінде Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты жоғары құндылықтары деп жарияланды. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Ал мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы, қайнар көзі халық болып табылады деп тайға таңба басқандай жазылды. Мемлекеттік биліктің Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп теңдей үш тармаққа әділ түрде бөліну принципі жүзеге асырылды. Биліктің бұл тармақтары қоғам өмірінің демократиялануына және саяси биліктің тепе-теңдік жүйесінің қалыптасып, дамуына ықпал ете отырып, олардың бір-бірімен өзара байланыста іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде Тәуелсіз еліміз бұның артықшылығын көріп отыр. Ата-бабаларымыздың мәңгілік аманаты болған тіл мәселесі де өз шешімін тапқан. 7-бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі», – деп тасқа басқандай нақтыланып жазылған.

Қазақстан халқы 1995 жылы өткен республикалық референдумда қабылданған Ата Заңға сүйеніп жаңа үлгідегі Парламент құруды көздеді. Бүгінде жоғары өкілдікті орган ретіндегі Парламент заң шығарушылық міндетті жүзеге асырып келеді. Заң шығарушылық қызметпен бірге Парламентте атқарушы билік – Үкіметті бақылау құқығы бар. Конституция бойынша Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебін тыңдап, жұмысын бекітеді және өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Егер оны бекітпесе, бұл Үкіметке білдірілген сенімсіздік деп танылады. Мәжілістің Үкіметке сенімсіздік білдіруі үшін бұрынғыдай депутаттар дауысының үштен екісінің емес, депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті болады. Сөйтіп, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленеді.

2007 жылы 21 мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол республика халқы тарапынан түсіністікпен жылы қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Бұл жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні қандай? Біріншіден, президенттік жүйеден басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің Конституциялық негізі қаланды. Елбасы өз ұсынысымен біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Конституцияға осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Парламенттің құзіреті едәуір кеңейтіліп, Президенттің құзіреті біршама шектелді. 2012 жылдан кейін Президент 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Мемлекет басшысы ел басқарудағы міндеттер мен жауапкершілікті Парламентпен бөлісті. Президент Үкімет басшысы Премьер-Министрді тағайындағанда саяси партиялардың фракцияларымен ақылдасып, кеңесуден кейін әрі Мәжіліс депутаттары көпшілігінің келісімімен ғана тағайындайтын болды, яғни Президент үкіметті жасақтауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Енді Премьер-Министрді бекітуде, демек бүкіл Үкіметті де бекітуде басты рөл Мәжіліске беріледі.

Қорыта келгенде, біздің Конституциямыз халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан, республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, құрметтеуге міндетті. Тәуелсіздік жылдары біз – Отанымыздың тыныштығын сақтай алдық. 1995 жылғы 30 тамызда барша Қазақстан халқы асқан ұйымшылдықпен қабылдаған Конституцияның арқасында берік мемлекеттік қауіпсіздіктің іргетасы қаланып, елдің экономикалық тұрақтануына да қол жеткізілді. Күшті президенттік билік елдегі нарықтық реформалардың сәтті жүзеге асырылуына мүмкіндік жасады. Қазақстан қоғамы азаматтық татулықтың, бейбітшілік пен өзара сенімнің және этносаралық келісімнің жарқын үлгісіне айналды.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары