Көк тудың желбірегені – жаныма қуат береді

Көк тудың желбірегені – жаныма қуат береді

Біз – тәуелсіз елміз. Тәуелсіздігіміздің нышаны — мемлекеттік рәміздер бізді өзге елдерден ерекшелейтін, бізді өзге елдерге таныстыратын төлқұжатымыз. Әр қазақстандық қолын жүрегіне қойып тұрып айтатын Әнұранымыз, көк аспан түстес биікте желбіреген Туымыз, күнмен шағылысып, жарқыраған Елтаңбамыз бар. Олардың әрқайсысының беретін терең мағынасы да бар. Ол мағына біздің ұлттың сан ғасырлық тарихымен мына шексіз әлемге деген қазақи көзқарас пен дүниетаным тұрғысынан ашылады. Нағыз мемлекеттің ұлт ретіндегі белгісі осы емес пе? Тарқатып айтар болсам, назарыңды бірден өзіне бұрып алатын әсем де асқақ көк байрағымыз халқымыз үшін аса киелі ұғымдармен байланысты. Бір қарағаннан ашық аспанды еске салатын Туымыз бейбітшілік, адалдық, тазалық, сенім мен үміт секілді қазақ халқына тән қасиеттерді білдіреді. Ал оның ортасындағы күн бейнесі байлық пен молшылықты білдіріп, дамуға бет бұрған жас мемлекет ретінде біздің басқа елдерге ашық екенімізді хабарлайды. Күн барлық берекенің бастауы екені анық қой. Күн болмаса өсімдіктердің ешбірі өсіп-өнбейді. Күн жылу береді, шуақ шашады. Күннің астындағы қыран қанатын жайып еркін ұшып келеді. Демек, ежелден еркіндікті сүйіп, еркіндікке ұмтылған, еркіндік үшін күрескен рухты, батыр бабаларымыздың бойындағы керемет қасиетті көрсетеді. Қазақ, ол қыран сияқты азат, еркін. Көк туымыздың шетінде әсемдеп салынған ұлттық оюымыз да біздің өнері мен мәдениеті дамыған, сұлулықты сүйетін ел екенімізді айғақтайды. Туымызды оюсыз елестету мүмкін емес. Осының бәріне ой қорыта отырып, халқымыздың даналығына, әлемге деген көзқарасына қайран қаласың. Ал осындай байрақты ұлттық дүниетанымымызбен керемет байланыстыра, үйлестіре суреттеп шығарған суретші – Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков.

Мемлекетіміздің рәміздерінің бірі – Елтаңба. Елтаңба – елдіктің нышаны, тәуелсіздіктің таңбасы. Сонау сақ дәуірінен жеткен жәдігерлерден белгілі, сауыт-сайманынан қару-жарағына дейін алтынмен аптаған халқымыз үшін Елтаңбамыздың да алтын түсті болуында мән жатыр. Ортасында бейнеленген шаңырақ жерімізде мекен етіп жатқан әртүрлі ұлттардың бірлігі мен ынтымағын керемет көрсетіп тұр. Қанатты қос пырақ алдына айқын мақсат қойып биікке самғаған қажыр-қайраты мол халықты танытады. Өзіне осындай сыр бүккен бейнелерден құралған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібекұлы мен Шотаман Ыдырысұлы Уәлиханның туындысы.

Дыбыстық рәміз саналатын Әнұранымызды кез келген сәтте қолымызды жүрегімізге қоя, мақтанышпен айту – оған деген құрметіміздің белгісі. Себебі, Әнұранымыз елдігімізді танытатын мемлекеттік гимн ғана емес, өз шығу тарихы бар, жер, ұлт тағдырымен тығыз байланысты туынды. Шәмші Қалдаяқовтай дарынды тұлғаның жан жүрегінен шыққан әуен мен Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовтің жалынды өлеңінен құралған марш алғашында қазақ жерін бөлшектеуді мақсат еткен отаршыл саясатқа қарсы намыстан туған еді. Кешегі «Желтоқсан ызғарында» жастардың рухын көтерген ән бүгінгі жастардың жер мен елге деген сезімін оятар рухты рәмізге айналды. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен мәтінге өзгертулер енгізіліп, «Менің Қазақстаным» Мемлекеттік әнұран болып қабылданды.

Қорыта келе айтарым, аталған рәміздердің бәріне де құрметпен қарап, қастерлеу және олардың мағынасын біліп, тарихына бір сәтке болсын үңіліп қарау біздің Отанның адал азаматтары ретіндегі парызымыз. Желтоқсанда алаңға шығып, тәуелсіздік үшін жанын қиған батырлардың сол уақытта-ақ Әнұран етіп алған «Менің Қазақстаным» әні барлық қазақстандықтың жүрегінде мәңгі сақталуы тиіс.

Адель МАКЕШОВА
ҚарМУ студенті