Жаңа ректор тағайындалды

Жаңа ректор тағайындалды

Бүгін академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры қызметіне Қазақстан Республикасы ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов білім ордасының профессорлық-оқытушылар құрамын жаңа басшымен таныстырды. Өз сөзінде министр: «Республикалық байқау комиссиясының шешімімен және менің өкіміммен Қарағанды университетінің жаңа ректоры болып Нұрлан Дулатбеков тағайындалды. Нұрлан Орынбасарұлы Президенттің білім беру саласында қойған міндеттерін орындау үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Мен ең алдымен жоғары оқу орнын талдап, жаңа стратегияны бекіту керек деп санаймын. Екіншіден, кадрлық қамтамасыз етуге көңіл бөліп, нығайту керек. Үшінші мәселе – педагогтардың жалақыларын көтеру, — деп алдағы уақытта атқарылатын жұмыс барысының басымдықтарын атап өтті. Жиын барысында облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек университет ректорын жаңа лауазымына кірісуімен құттықтап, «Басқарушы лауазымдардағы үлкен өмірлік тәжірибеңіз бен жұмыс өтіліңіз, ғылыми жұмыстар мен зерттеулеріңіз сізге университетті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз сізге бұл жолда белсенді көмектесуге дайынбыз», — деп Нұрлан Орынбасарұлының жауапты қызметіне табыс тіледі.

Түлеп ұшқан түлектің майталман маман атанып, өз киелі қара шаңырағын басқаруы үлкен жетістік, зор мақтаныш. Салтанаттты жиында сөз алған Нұрлан Орынбасарұлы Қарағанды университетін рухани алтын ұям деп, артылған сенімді ақтап, білім ордасының өркендеп, дамуы жолында аянбай тер төгетіндігін, бар күш-жігерін сарқа пайдаланатынын мәлім етті.

Қарағанды университетінің баспасөз қызметі