Ғылым көкжиегі кеңеймек

Ғылым көкжиегі кеңеймек

Ұлттық кеңестің үшінші отырысында ел Президенті Қ. К. Тоқаев ғылымға, білімге қатысты өзекті мәселелерді айтты. Соның бірі – қазіргі таңдағы университеттердің бәсекеге қабілетсіздігі. Мысалы, шетел гуманитарлық ғылымы мен қазақстандық ғылымның арасы жер мен көктей. Мәселен, біздің гуманитарлық бағыт бойынша шетелде компьютерлік бағдарламалар арқылы түрлі зерттеу жұмыстары жасалады, олардың қолданатын әдістері басқаша, яғни олардың деңгейі бөлек және жоғары. Біздің зерттеу жұмыстардың шетелдік басылымдарда қабылданбауының басты себебі де – осы. Сол себепті бәсекеге түсе алатын кадр даярлау үшін, сапалы зерттеу жасау үшін ең алдымен жастарға жағдай жасау керек. Президент атап өткендей, докторанттардың көбі – отбасылы азаматтар. Президент докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Бұл жас ғалымдар үшін үлкен көмек болып табылатыны сөзсіз. Себебі алаңсыз сапалы жұмыс жазу уақытты қажет етеді. Ғылым үшін сан емес, сапа маңызды. Яғни, ғылым саласына реформа қажет. Бүгінгі күнге дейін «біздің ғылымда» санға ерекше көңіл бөлінді. Сол жазылған «жұмыстардың», «зерттеулердің» сапасына ешкім назар аудармады. Кім қандай жұмыс жасаса да, «өз қазанында өзі қайнады». Ендігі кезекте бәсекеге түсу үшін сапаға мән беру маңызды болып табылады. Шетел авторлары жылына немесе екі, үш жылда бір сапалы мақала жазса, қазақстандық ғалымдар жылына жүздеген «мақала» жазып шығуы мүмкін. Шетел ғалымдарының жоғарғы рейтингті журналдардағы сапалы мақаласына сілтеме көп жасалады және олардың зерттеуі қоғам, ғылым үшін маңызды болып табылады. Қазақстандық жас ғалымдардың шетел әріптестерімен бәсекеге түсуі үшін ең алдымен олардың қолданатын әдістерін үйреніп, бағдарлармаларын меңгеріп, технологияларын игеріп, қарулану қажет. Және зерттеудің нәтижелері қоғамға, елге пайдасын тигізуі де маңызды. Яғни, зерттеу жұмысы күнделікті өмірде пайдасын тигізгені дұрыс.

Қ. К. Тоқаевтің Ұлттық кеңесте қоғам үшін, ғылым үшін, білім үшін маңызды және өзекті бірқатар мәселелерді көтеруі бүгінгі күннің талабынан туындап отыр. Жас ғалымдар ел Президентінің осындай игі бастамаларын қолдап, ел игілігі үшін дұрыс бағытта жұмыс жасайды деген сенімдеміз.

Болат ХАСЕНОВ,
ҚарМУ докторанты