Дағдарыстан жаңару мен дамуға ұмтылу

Дағдарыстан жаңару мен дамуға ұмтылу

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған кезекті Жолдауын жария етті. Жолдаудың негізінен экономикалық және әлеуметтік мәселелерді қамтығанын атап өтуіміз керек. Президент қазіргі қиын кезеңде дағдарысқа дағдарып қалмай, еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму бағыттарын ұсынып, негізгі бағдар етіп ұстанатын мақсат-міндеттерді айқындап берді.

Білім күнінде жарияланған Жолдауды академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы және білім алушылары онлайн форматта тыңдады. Ғалымдарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының ғылымды қаржыландырып, кенжелеп қалған ғылым саласына басымдық беруін оң қабылдады. Ғалымдардың тың көзқарастар мен жаңа тәсілдерді игеруі, әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарынан жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтіп тұруы, тәжірибе алмасып, машықтануы және жас ғалымдардың жобасына қолдау танытылып, 1000 гранттың бөлінуі отандық ғылымның дамуына жол ашады дейді.

Студенттерге арналған кураторлық сағат аясында жастар тікелей байланысқа шығып, Жолдауды талқылап, өзара ой бөлісті. Әсіресе, студенттер бүгінгі қашықтан білім беру кезінде орын алған түйткілді мәселелер бойынша Президенттің сыни пікір білдіріп, жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертіп, бірыңғай білім беру платформасын, сонымен қатар жақын арада санитарлық нормаларды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшу тәртібін тапсыруы өте маңызды деп санайды. Сондай-ақ олар Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесіне әлеуеті жоғары білімді, білікті, терең ойлы жалынды жастарды тарту қажет деген талабын да құп көреді.

Бүгінгі Жолдаудан дағдарыстан жаңару мен дамуға ұмтылу – бүгінгі күннің басты ұстанымы болуы тиіс деген ой түйдік.

Баспасөз қызметі