Бірлігіміз бекем болса…

Бірлігіміз бекем болса…

Халқымен үнемі ой бөлісіп жүретін Елбасымыз осынау қиын кезеңде тағы да ел еңсесін тіктеу мақсатында үндеу жариялап, ұлыларымыздың даналық сөздерімен өз ойын ұштастыра көңілі алаң жұртына рух беріп, жүрекжарды тілегімен баяндалған мақаласын жариялады.

Елбасы мақаласын оқып отырып, «аты жаман індет кең таралып, Отанымызға үлкен зауалын тигізбей ме?» деген бойымды билеген үрей мен қорқыныш сезімінен арылғандай болдым. Мақалада барша адамзатқа қауіп-қатер төндірген короновирус дертінің кең етек жайып кетпеуі жолында елімізде алдын алу шаралары тиісінше іске асып жатқанын баяндайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, Елбасы ел-жұртын бірлікке шақырып, тек берік бірлігімізбен осы кеселдің ауыртпалығын сілкіп, артқа тастайтынымызға сенетінін жеткізді. «Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн», — деді.

Жаһан жұртшылығын әбігерге салып, әлемнің тынысын тарылтқан пандемия туралы сәт сайын көңілге қорқыныш ұялататын түрлі ақпарат тарап, адамзат ертеңгі күніне алаңдап қалды. Тұңғыш Президентіміздің үндеуі елең-алаң күй кешкен халықтың көңіліне сенім ұялатып, күш-жігер сыйлады. Елбасымыз ел экономикасының осы уақытқа дейін біршама дамып, оның ішінде «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорындардың ашылғанын, әлемдік бәсекеге лайықты өнімдер шығарылғандығын атап өтті. Жаңадан теміржол, автокөлік жолдарының салынғанын, астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарында екенімізді де ескеріп, бұл даму реформаларының дәл осы қиын сәтте өз пайдасын беріп жатқанын айтып қуантты.

Ата заңымыздың бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі» деп жазылғандықтан, елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми медициналық орталықтар ашылғанын, оның мамандары әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткенін айтып, бұл мәселеде де қиындықтар жоқ деді. Мен осы орайда тәжтажалмен бетпе-бет күресіп жүрген ақ халатты абзал жандарға өз ризашылығымды білдіргім келеді.

Расымен ел басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау кезеңдерде бірлікті ту етіп, қиындықтарды еңсергеніміз тарих беттерінде таңбаланып қалды. Дәл сондай бірлік қазір де керек.

Дияна САҒЫМБЕКОВА,
ҚарМУ студенті