Алғышарт — факультеттің дамуы

Алғышарт — факультеттің дамуы

Ректор Нұрлан Дулатбеков тарихы тереңге тартқан филология факультетінің ұжымымен кездесті. Жиын басында факультет деканы Елдос Түйте білім ошағының бүгінгі тыныс-тірлігіне қысқаша шолу жасап, күн тәртібіне көтерілген негізгі мәселелерге тоқталды. Университет басшысы факультеттің әрі қарайғы даму барысына арналған кеңесте ортаға ой тастап, атқарылатын басым бағыттарды атап өтіп, профессорлық-оқытушылар құрамын филология факультетінің дамуына бастамашылық танытуға, ұсыныстар енгізуге үндеді. Бір кездері аты дүркіреп тұрған шығармашыл жастардың «Балауса» клубын қайыра жаңғырту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар факультеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Бұл өз кезегінде студенттердің, магистранттар мен докторанттардың сапалы білім алуына жағдай туғызады. Ұжымның ой-пікірін білу мақсатында ұйымдастырылған басқосуда емен-жарқын әңгіме өрбіп, тіл, әдебиет мамандары қордаланып қалған түйткілді мәселелер туралы сөз қозғады. Университет басшылығы алдағы уақытта факультеттің дамуына қаражат бөлініп, қажетті жабдықтар сатып алынатындығын жеткізді.

Баспасөз қызметі