«Тура биде туған жоқ»

Филология факультетінде Орталық Қазақстандағы би-шешендердің әдеби мұрасына арналған «Тура биде туған жоқ» атты ғылыми жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақтың авторы филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаммадғали Ілиясұлы Әбдуов.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қарағанды облысы Тілдерді дамыту басқармасымен жасалған келісімшартқа сәйкес арнайы жұмыстар жүргізіліп, баспа бетінде жарық көрмеген, Арқа өңірінде өмір сүрген би-шешендердің қысқаша өмір жолы мен кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған қолда бар мұраларын жариялау мақсатында жинаққа 11 шешеннің шығармалары енгізілді. Атап айтқанда, Байдалы би, Жидебай батыр, Қарамеңде Төлемісұлы, Қарамеңде Шақаұлы, Дербісәлі батыр, Сеңкібай би, Шабанбай би, Жанқұтты би, Шоң Телғозыұлы, Ахметжан би және Жұмыр шешен. Аталған қайраткерлердің өмір жолына қатысты деректер мен ел аузында сақталған аңыз әңгімелер де жинақта жазылған. Берілген шешендік сөздердің негізгі бағыты жастарға тәрбиелік мәні бар мұралар болып табылады. Әсіресе, отансүйгіштікке, ынтымақтастыққа, ұлттық дәстүрге, сөздің әдебін келтіріп әдемі сөйлеуге байланысты айтылған туындылар молынан кезігеді. Жинақ бес бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде шешендердің өмірі мен шығармалары енгізілсе, екінші бөлімде ел аузында сақталып жеткен мұралардың мәтініндегі түсініксіз сөздерге анықтама берілген. Үшінші бөлімде деректерді жеткізген адамдардың паспорты жасалған. Төртінші бөлімде жекелеген шешендерге байланысты жарық көрген көркем шығармалардан үзінділер берілсе, бесінші бөлімде мұрағаттардан алынған материалдар мен түрлі көрнекіліктер енгізілді. Сонымен қатар, жинақты дайындау барысындағы қолданылған әдебиеттер тізімі де көрсетілген.

Тұсаукесер рәсіміне академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ректоры аппаратының жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Е. Е. Түйте, «Болашақ» академиясының кафедра меңгерушісі, профессор Қ. З. Сембиев, Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі Б. М. Айтбаева, филология факультетінің кафедра меңгерушілері мен оқытушылары, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Тұсаукесер рәсімін филология факультеті деканыныңтәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н. Сиязбаев жүргізді. Келген қонақтармен және тұсаукесердің мазмұнымен қысқаша таныстырып өткен ол жинақты құрастырушы ф.ғ.д. М. І. Әбдуовке сөз берді. Мұхаммадғали Ілиясұлы жинақтың дайындалуы мен ішкі мазмұнына жан-жақты тоқталып, қатысушыларға толығымен таныстырып өтті. Елдос Ерғазыұлы жинақтың ішіндегі материалдардың құндылығын айта келе, жастарды тәрбиелеуге аса қажет деді. Сондай-ақ, шешендік сөздердің тілді дамытуға, студенттердің тілдік қорын байытуға белгілі бір деңгейде үлес қосатындығын аңғартып өтті. Келесі кезекте сөзді Құрманғазы Зәкірұлы алды. Ол шығармадағы кездесетін кісі есімдеріне тілдік тұрғыдан талдау жасай отырып, оның мәні мен маңызын, төркінін айқындады. Сол арқылы жинақтағы тілге байланысты айтылған ой-пікірлердің оңды жазылғандығына назар аудартты. Пікірлер айтылып болғаннан кейін Құрманғазы Зәкірұлы мен Елдос Ерғазыұлы тұсаукесер салты бойынша ғылыми жинақтың лентасын қиды. Сөйтіп, көрермендердің көз алдында еңбектің сипаты мен тұлғасын танытып өтті. Рәсім аяқталғаннан кейін Қарағанды облысы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім меңгерушісі Әсет Жұмажанұлы өзінің тұщымды пікірлерін айтып, құрастырушыға және Ақылдастар алқасының мүшелеріне алғысын білдірді. Сонымен қатар журналистика бөлімінің 4 курс студенті Мөлдір Жақан жинаққа қысқаша шолу жасап, маңыздылығына тоқталды. Магистранттар мен студенттердің атынан өзінің ыстық ықыласын білдірді. Соңынан өнерпаз студенттер өздерінің өнерлерін жиналған қауымға ұсынды.

Ақпаратты әзірлеген журналистика кафедрасы