Жастардың жүрек қалауы

Жастардың жүрек қалауы

Біздің қоғамда жаны жайсаң, пейілі кең жандар бар. Жетім көрсе жебеп, қарияларға жәрдемдесіп, қарапайым адамдардың жүзіне күлкі ұялатып, қамкөңіл жанға қолдан келген жақсылықты жасауға асығады. Олар кімдер? Олар – еріктілер.

Өткен жылдың қарашасында ректордың бастамасымен Қарағанды университетінде жоғары оқу орнының волонтерлік клубтары мен қозғалыстарын шоғырландыратын «Biz barmyz» волонтерлер орталығы өз жұмысын бастады. Бүгінде «Biz barmyz» — университетте волонтерлік қозғалысты ұйымдастыратын қызметті жүзеге асыратын студенттер қауымының ерікті бірлестігіне айналып үлгерді. Қазір орталықтың құрамында факультеттер жанынан құрылған 8 клуб бар. Орталықтың жұмысын жалпы үйлестіру университеттегі волонтерлер қозғалысын дамыту бағытына жауапты Әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменттің маманына жүктеледі. Орталық «Көмек» әлеуметтік бағыты, «Тазалық» экологиялық бағыты, «Рухани» патриоттық бағыты, «Шебер» спорттық бағыты бойынша жұмыс атқарады. Кеңінен тарқатсақ, орталықтың волонтерлік қызметі мұқтаж адамдарға, жетім балаларға, мүгедектерге, қарт адамдарға, науқас балаларға, балалар үйінің балаларына және қандай да бір әлеуметтік көмекті қажет ететін студенттерге көмек көрсетуден тұрады. Жұмыс нысаны: жетім балаларға, мүгедектерге, қарттар мен ардагерлерге арналған түрлі музыкалық концерттер, фестивальдар мен конкурстар; мәдени құндылықтарды, рухани-патриоттық тәрбиені және СӨС профилактикасын насихаттауға бағытталған патриоттық және әлеуметтік акциялар; тілдік курстар; спорттық іс-шаралар; экологиялық акциялар, сенбіліктер, аумақты тазалау; мұқтаж адамдарға көмек көрсету үшін ақшалай қаражат, азық-түлік және киім жинау; облыстық және республикалық волонтерлік және әлеуметтік акциялар мен іс-шараларға қатысу; басқа әлеуметтік көмек көрсету. «Biz barmyz» еріктілер орталығының ұстанымы: университетте волонтерлік қызметті дамыту; әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және студенттер мен оқытушылардың университеттің қоғамдық өміріне қатысуын жандандыру; волонтерлік жобалар мен әлеуметтік идеяларды іске асыру; студенттерге, қала тұрғындарына әлеуметтік көмек; факультеттер жанындағы барлық волонтерлер клубтарының қызметін үйлестіру; волонтерлерді даярлау және оқыту; тәжірибе алмасу және кейіннен жұмыстың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу мақсатында басқа волонтерлік ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Волонтерлік Орталықтың жанынан «БІЗ БАРМЫЗ» арнайы қоры ашылады, ол студенттер, оқытушылар және университет әкімшілігі тарапынан Қорға түрлі «көмек заттарын» ерікті және өтеусіз берудің өзіндік пункті болады, олар кейіннен алынған өтінімдерге сәйкес бөлінетін болады.

«Biz barmyz» еріктілер орталығының жетекшісі дене мәдениеті және спорт факультетінің 4 курс студенті Ардана Мырзанова: «Волонтерлік клуб мүшелері 1-10 наурыз аралығында «Еріктілер онкүндігі» акциясы аясында «Благодать» қарттар үйіне, мүмкіндігі шектеулі қарт кісілердің ауласын жинастыруға, Студенттер үйімен бірлесе отырып, жатақхана маңында таза бейсенбілік жасауға жәрдемдесті. Сонымен қатар түрлі жастар өміріне маңызы зор семинар-тренгтер өткізді. Орталықтың бастамасымен қаңтар және наурыз айларында «4 игі іс» акциясының алғашқы «Аналар асыл жандар» кезеңінде 29 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылды, көпбалалы және жалғызбасты аналар, сонымен қатар емге мұқтаж бүлдіршіндері бар аналарға қол ұшын берді. Аналарға арнап 4 семинар-тренинг, тәтті пісіруден шеберлік сабақтары, 2 шығармашылық байқау өткізілді. «4 игі іс» акциясының ІІ кезеңінде еріктілер қарттар үйіне барып, қарт кісілердің көңілін шығармашылығымен аулады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Jasyl aimaq» облыстық экологиялық акция бастау алды. «Kieli tabigat» жобасы, ««Biz barmyz»-дың еріктілері мен эко-белсенділері Республика даңғылының бойына 30-дан астам көшет отырғызды», — дейді.

«Biz barmyz» еріктілер орталығының алдағы уақытта тындырар жақсылықтары көп.

Қымбат ҚОМЫТОВА, Қарағанды университетінің студенті