Еселі еңбек еселене түспек

Еселі еңбек еселене түспек

Ағымдағы жылы да университетіміздегі Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығы қазақ жазуының жаңа белеске көтерілуіне байланысты айтулы істер атқарды. Оқу ордасында жоспарға сай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығы мен «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-нің 2018-2019 оқу жылына арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес маусымның 21 күні онлайн-семинар өтті. Семинарға Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ғалымдары А. Фазылжанова, Г. Мамырбекова, А. Сейітбекова қатысып, қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты туындаған кейбір мәселелерді ортаға салды.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі ретінде 2019 жылдың 10-11 шілдесінде Өскемен қаласында «Латын әліпбиінің емле ережелерін игерту: теория және тәжірибе» атты республикалық семинар жұмысына қатысып, «Мекеме маңдайшаларын латын әліпбиінде әзірлеу: үлгісі мен нұсқаулығы» тақырыбында, ал Алматы қаласында 2019 жылдың 4 қазанында «Жаңа емлені бекіту: маңызы мен мүдделі органдардың міндеттері» атты семинарда «Емле ережелері нұсқаларына сараптама» тақырыбында жасалған баяндамада Тіл білімі институтының Ғалымдар кеңесінде мақұлданған нұсқа мен «Жаңа емле ережелерін жетілдіру» атты семинар жұмысындағы нұсқалар туралы сөз болды.

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығы мен Қосымша білім беру факультетінің ұйымдастыруымен «Латыннегізді қазақ жазуы және емле ережелері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтуде. Курстың мақсаты — қазақстандық қоғамдағы рухани жаңғыруға байланысты ұлттық біртектіліктің, ұлттың төлтума бітімінің сақталуын бекемдейтін, жаңа мазмұнды орфография ережелеріне қатысты кәсіби біліктілікті арттыру. Сонымен қатар Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы республикалық семинарда дәріс оқылып, семинар-тренинг жүргізілді. Ғылыми басылымдарда, БАҚ материалдарында латын әліпбиіне көшуге байланысты мақалалар жарияланып, латын әліпбиінің маңызы, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі сияқты өзекті мәселелермен қоса әліпби нұсқаларына байланысты сараптамалар жасалып, жаңа қазақ жазуының емле ережелеріне қатысты пікірлер ұсынылуда.

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-мен бірге жоспарға сай іс-шаралар өтті. Ондай іс-шаралардың қатарында «Пернетақтада жазып дағдыланамыз», «Латын әліпбиі және ұлттық әдеби мұра» т.б. бар.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Ресурстық тіл орталығы жанындағы оқу-әдістемелік кеңестің мүшесі ретінде латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік іс-шаралар атқарылды.

Қарағанды облысы бойынша қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі туралы түсіндіру жұмыстарын өткізуге атсалысып, қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі туралы түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары Қарағанды қаласы және облысы бойынша әртүрлі дәрежедегі дөңгелек үстел, семинарларға спикер ретінде қатысу, баяндама жасау, дәріс оқу, пікір алмасу сияқты іс-шаралар атқарылды.

Білім беру мекемелерінде әртүрлі форматтағы іс-шаралар өтіп, қазақ тілінің жаңа латын графикалы ұлттық әліпбиінде қазақ мәтінінің элементтерін орфографиялаудың ғылыми-теориялық негізі; латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде емле ережелерін әзірлеудің өзекті мәселелері; латын графикасындағы жаңа әліпби негізінде орфоэпиялық ережелерді әзірлеудің өзекті мәселелері; мектептерді латын әліпбиіне көшіру: жоспарлар мен міндеттер; латын графикасына көшудің аясында жоғары оқу орындары мен жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырудың жоспарлары сияқты өзекті мәселелер қамтылды.

Қазақстан халқы тілдері күніне арналған шаралар аясында Қарағанды облысында 2019 жылдың 17 қыркүйегінде бір мезетте жалпыоблыстық диктант ұйымдастырылды. Диктантқа академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, докторант, магистрант, студенттері қатысып, жалпы саны 4 024 адамды қамтыды. Жалпыоблыстық диктантқа барлық қатысушылар бір кісідей ат салысып, өздерінің жаңа қазақ жазуына қатысты жаңалықтардан хабардар екенін көрсете білді.

2019 жылдың 26 қыркүйегінде Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тілдері күні аясында «Тіл туралы» Заңның қабылдануына 30 жыл толуына орай өткізілген латын графикасы негізіндегі жалпыоблыстық диктант конкурсына қатысқан Айым Егешова ІІ, Сымбат Салмағамбетова мен Әлима Серікпай жүлделі ІІІ орынға ие болып, дипломмен, алғысхатпен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

2019 жыл қазақ жазуын латын графикасына ауыстыруға байланысты қарқынды жұмыс атқарылған жыл болды және келер 2020 жылы да алға қойған іс-шаралар жалғасын таппақ. Ондай игі бастамалардың қатарында Қарағанды облысы тұрғындарын латыннегізді қазақ жазуындағы жаңалықтармен хабардар ету мақсатында әртүрлі форматтағы іс-шараларға атсалысу, Қарағанды қаласы білім саласы қызметкерлерімен бірге жаңа емле ережелерін меңгерту мақсатында семинар-тренинг өткізу, Қарағанды мемлекеттік университеті оқу ғимараттарында жаңа әліпбимен, емле ережелерімен таныстыру мақсатында көшпелі дәрістер ұйымдастыру, Қарағанды мемлекеттік университеті жатақханаларында студенттері үшін «Жаңа қазақ жазуы» атты брейн-ринг өткізу, «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-мен бірге «Емле ережесін игерту: жетістіктер мен қиындықтар» тақырыбында семинар-тренинг өткізу және т.б. бар.

Мархаба ТҰРСЫНОВА,
Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық топтың мүшесі