Өлеңді сүйгем…
Жасымнан қазақтың қара өлеңін жаным сүйді, әсіресе айтысты. Отбасымызбен отырып тыңдайтынымыз айтыс болды. Сондықтан айтыскер ақындардың көбісін өмірде танымасам да өнерде таныдым. Оларға қатты еліктедім, тіпті айтыстарын жатқа біліп алдым. Кең жайлауда қой жайып, ат үстінде жүргенде өзіммен-өзім айтысып, біресе Ержанат Байқабайұлы боп, біресе Сара Тоқтамысова боп, олардың айтыстағы айтқандарын жатқа айтып, керемет қыз бен жігіт айтысын жасап салушы едім. Өкініштісі, оны тыңдайтын да, көретін де тек өзім. Одан шыға жазба ақындарға ауыстым. Абайды, Шәкәрімді, Мұқағалиды, Фаризаны сүйіп оқыдым. Кей күні таңғы төртке дейін өлең оқып, өлеңнің әдемі әлемінен шыға алмай, таңды аттыратын да кездерім болды. Киіз үйде таң атқанша өз еркіңмен кітап оқып жату өте үлкен дау туғызатын. Көп бөлме жоқ, жарық та жоқ. Май шамның майы біткенше көз майымды тауысып кітап оқитынмын.